Ақмола облысында 15 жастағы жасөспірім пойыз вагонында тоқ соғып, жансақтау бөліміне түсті
Ақмола облысында пойыз вагонына шыққан 15 жастағы жасөспірімді тоқ соқты. Полиция баланың ауруханаға жеткізілгенін растады. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, оқиға Ақмола облысының Шортанды кентінде болған. Мәліметтерге қарағанда, Астанадан келген 15 жастағы оқушы досымен бірге теміржол вагонына шығып, абайсызда контакт желісінің жоғары кернеулі сымына тиіп кеткен.
Тоқ соққан жасөспірім шұғыл түрде аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген. Жарияланымдарда оның денесінің шамамен 70 пайызы күйіп, жағдайы ауыр екені айтылған.
Сондай-ақ оқиға орнына санитариялық авиация шақырылғаны хабарланды. Балалар реаниматологының кеңесі мен дәрігерлер консилиумынан кейін жасөспірімді әзірге басқа медициналық мекемеге ауыстырмау туралы шешім қабылданған. Тараған ақпаратқа сүйенсек, алған жарақаттарының ауырлығына байланысты оны тасымалдау әзірге мүмкін емес. Қазір бала дәрігерлердің бақылауында.

Көліктегі полиция департаменті оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын растады. Тергеуді Астана-1 станциясындағы желілік полиция басқармасы жүргізіп жатыр.
"Қазіргі уақытта қажетті тергеу шаралары жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Кәмелетке толмаған балалардың біреуі Шортанды ауданының ауруханасына жеткізілген. Оның жанында болған екінші бала үйіне өздігінен қайтып кеткен", – деп хабарлады ведомство.
Қазақстан Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, іс бойынша өзге мәліметтер жария етілмейді.
Оқиғадан кейін көліктегі полиция ата-аналарға үндеу жасап, ескерту жариялады. Ведомство өкілдері теміржол вагондары пойыз қозғалыссыз тұрған кезде де аса қауіпті екенін атап өтті. Вагондардың үстіне шығуға (пойыз тоқтап тұрса да), сондай-ақ пойыздың астынан өтуге қатаң тыйым салынатынын ескертті.
Еске салсақ, Жетісу облысында мектеп ауласында 10 жасар қызды тоқ соғып, көз жұмғанын жазғанбыз.
Қазақстандық ер адам желідегі пікірі үшін қамауға алынды: Ол аккаунт жалған екенін айтып отыр