Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жетісу облысында мектеп ауласында 10 жасар қызды тоқ соғып, көз жұмды

найзағай
Фото: magnific.com

Жетісу облысының Жаркент қаласында мектеп аумағында ойнап жүрген 5-сынып оқушысы құлпы салынбаған трансформаторлық қосалқы станцияға кіріп, тоқ соғуынан көз жұмды. Полиция қауіпсіздік талаптарының сақталмауы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәліметтерге сенсек, қайғылы оқиға 9 шілде күні қыз бала оқитын мектептің аумағында болған. Оның мәліметінше, оқушы ойнап жүріп, құлпы салынбаған трансформаторлық қосалқы станцияға кіріп кеткен. Сол жерде оны тоқ соққан.

"Алдын ала қойылған диагноз электр тогынан зақымдану деп тіркелген. Қыз бала Жаркент ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады", – делінген хабарламада.

10 шілде күні марқұм қыз 10 жасқа толуы тиіс болған.

Оқиғаға байланысты Жетісу облыстық полиция департаменті пікір білдірді.

Ведомствоның мәліметінше, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

"Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Нысанды пайдалану мен оның қауіпсіздігіне жауапты лауазымды тұлғалардың жауапкершілік деңгейі анықталуда. Сонымен қатар, осындай жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін анықталған заңбұзушылықтар мен кемшіліктерді жою жөнінде уәкілетті мемлекеттік органдарға нұсқама жолданды", – деп хабарлады полиция.

Құқық қорғау органдары Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейтінін мәлімдеді. Тергеудің барысы бақылауда болады.

Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысының Біржан сал ауданындағы Үлгі ауылында найзағай түсіп, 10 жастағы баланың қаза тапқаны хабарланған еді. Қайғылы оқиға балалар көшеде ойнап жүрген кезде болған. Найзағай соққысынан тағы бір 14 жастағы жасөспірім жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Кейін дәрігерлер оның жағдайы тұрақты екенін мәлімдеді. Оқиғаға байланысты полиция сотқа дейінгі тергеу болған еді.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 13 Шілде, 2026 18:20