Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда тіс дәрігерінің қабылдауынан кейін жағдайы нашарлаған қыз бала жансақтау бөлімінде жатыр

тіс емдеген бала

Павлодарда тіс дәрігерінің қабылдауынан кейін бала жансақтау бөліміне түсті. Оқиға туралы ақпарат 21 қазанда Павлодар қаласындағы Instagram пабликтерінің бірінде жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жазбада қыз баланың Лермонтов көшесіндегі стоматологиялардың бірінде дәрігер қабылдауында болған кезде жағдайы нашарлағаны айтылады. Жарияланым авторының сөзінше, сол сәтте баланың көзі аларып, тыныс алуы бұзылған.

"Осы кезде стоматолог процедураны тоқтатпай, жұмысын жалғастыра берген. Анасы бірдеңенің дұрыс емес екенін айтып айқайлаған кезде дәрігер “өтіп кетеді” деп жауап берген. Кабинетте шұғыл көмек көрсетуге арналған қобдиша болмаған. Әпкемнің 103 нөміріне қоңырау шалуды сұрап айқайлағанына да ешкім мән бермеген. Әпкем жылағаннан кейін ғана көрші кабинеттегі медбике жедел жәрдем шақырған. Бала есінен танып, аузынан көбік шыққан. Ал дәрігер медициналық көмек көрсетпей, шетке кетіп қалған және балаға көмектесуге тырыспаған. Соның салдарынан уақыт жоғалттық", – деп жазды жарияланым авторы Instagram парақшасында.

Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2023 жылы туған қыз бала 21 қазанда сағат 15:45-те облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Ол бірден аса ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жатқызылған. Қазір бала өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, оған қарқынды ем жүргізіліп жатыр.

"2026 жылғы 22 қазанда Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының (UMC) және Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының мамандарымен телемедициналық кеңес өткізілді. Науқасты емдеу тактикасы мен алдағы емдеу шаралары келісілді. Жағдай денсаулық сақтау басқармасы басшысының жеке бақылауында", – деп хабарлады басқарма.

Ведомство өкілдері облыстық балалар ауруханасында дәрігерлердің пәнаралық консилиумдары күн сайын өткізіліп жатқанын атап өтті. Мамандар баланың жағдайындағы өзгерістерді бақылап, жүргізіліп жатқан емнің тиімділігін бағалайды.

Оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр. Тексеру нәтижесі бойынша құқықтық баға беріледі.

Назархан Уән
Жексенбі, 25 Қазан, 2026 10:26