Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көкшетауда тағы бір сот қызметкерінің мәйіті табылды: Ол бұған дейін әріптесінің денесін тапқан

Ақмола облыстық соты
Фото: yandex.kz/maps

Ақмола облысының Көкшетау қаласында 33 жастағы сот қызметкерінің мәйіті табылды. Ол облыстық соттың ішкі қауіпсіздік бөлімінде жұмыс істеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алдын ала мәлімет бойынша, марқұмның денесін әріптесі тауып, полицияға хабар берген. Ер адамның мәйіті тұрғын үйдің жертөлесінен асылып тұрған күйде анықталған. Оқиғаның мән-жайы мен өлім себебі әзірге белгісіз.

Ер адамның денесі 30 қазан күні табылған. Ақпаратты Ақмола облыстық полиция департаменті растады.

"Алдын ала мәлімет бойынша, марқұм өзіне қол жұмсаған. Қылмыстық іс тіркелді. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды", – делінген полиция хабарламасында.

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, бүгін мәйіті табылған ер адамның шамамен бір жарым ай бұрын Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің басшысы Аян Дүйсековтің денесін алғашқылардың бірі болып анықтаған.

Еске салсақ, биыл қырқүйек айында Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің басшысы қызметін атқарған Аян Дүйсековтің туыстары оның қайтыс болғанын мәлімдеп, оқиғаның мән-жайын тексеруді талап еткен еді.

Марқұмның әйелі Жанар Дүйсекованың айтуынша, барлығы күйеуі мен екі судьяның арасындағы келіспеушіліктерден басталған. Аянның өлімінен аз уақыт бұрын оның жұмысында тексерулер басталып, шағымдар түскен. Оны бірнеше рет шақыртып, нәтижесінде ер адамға сөгіс жарияланған.

Аян Дүйсековтің өліміне байланысты Қылмыстық кодекстің "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Екі әріптестің өлімінің арасында қандай да бір байланыс бар-жоғы әзірге белгісіз.

Дана Русланқызы
Жұма, 30 Қазан, 2026 21:38