Шахмурат Муталип "Алтыналмастың" ірі акционерлерінің қатарына қосылды
Қазақстандық кәсіпкер Шахмурат Муталипке қатысы бар Central Asia Resources Holding Ltd. компаниясы алтын өндіретін “Алтыналмастың” ірі акционерлерінің бірі атанды. Бұл өзгеріс компанияның 1,5 миллиард долларға облигация шығарған күні тіркелген. Алайда алтын өндіруші кәсіпорынды толық сатып алу мәмілесі әзірге аяқталған жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Алтыналмастың” акционерлері өзгерді
Қаржылық есептілік депозитарийінің мәліметінше, 2026 жылғы 23 қарашада “АК Алтыналмас” АҚ акционерлерінің тізіміне өзгеріс енгізілген. Енді компанияның дауыс беретін акцияларының кемінде 10%-ына иелік ететін акционерлер қатарында үш ұйым бар:
-
Владимир Джуманбаев;
-
Нидерландта тіркелген Gouden Reserves B.V.;
-
Central Asia Resources Holding Ltd.
Соңғы компания 2026 жылғы қаңтарда “Астана” халықаралық қаржы орталығында тіркелген. AFSA тізіліміндегі ақпарат бойынша, оның акционерлері арасында Шахмурат Муталип, Central Mine Reserves Ltd. және Vega Holding Ltd. бар. Соңғы компания Мади Абулгазинге тиесілі.
Дегенмен Central Asia Resources Holding Ltd. “Алтыналмастың” нақты қанша акциясын сатып алғаны және оған қанша қаражат жұмсағаны әзірге белгісіз.
Компания 1,5 миллиард долларға облигация шығарды
Акционерлер құрамындағы өзгеріс Central Asia Resources Holding Ltd. компаниясының 1,5 миллиард долларға облигация шығарған күнімен тұспа-тұс келді. Қарыз қағаздары 23 қарашада “Астана” халықаралық қаржы орталығының биржасында орналастырылған.
Компания жариялаған ақпаратқа сәйкес, облигациялардан тартылған қаражатты тау-кен өнеркәсібінде жұмыс істейтін компаниялардың акцияларын сатып алуға жұмсау жоспарланған.
ОқыңызОблигация шығару – компанияның инвесторлардан қарыз қаражат тарту тәсілі. Яғни бұл 1,5 миллиард доллар компанияның өз қаражаты емес, кейін қайтарылуы тиіс міндеттеме.
“Алтынмасты” толық сатып алу аяқталды ма?
Шахмурат Муталипке қатысы бар компанияның “Алтынмастың” 100% акциясын сатып алатыны туралы ақпарат 2026 жылғы наурызда жарияланған еді. Сол кезде Central Asia Resources Holding Ltd. барлық акционердің үлесін сатып алу жөнінде келісімге қол қойғаны хабарланған.
Алайда қазіргі өзгеріс мәміленің толық аяқталғанын білдірмейді. Бұрынғы ірі акционерлер Владимир Джуманбаев пен Gouden Reserves B.V. әлі де компанияның акционерлері қатарында тұр.
“Алтыналмас” – Қазақстандағы ірі алтын өндіруші компаниялардың бірі. Оның иелерінің ауысуы кәсіпорынның болашақ даму бағытына және алтын өндіруден түсетін табыстың кімге тиесілі болатынына әсер етуі мүмкін. Дегенмен меншік құрылымындағы өзгеріс өндіріс көлемі немесе компанияның жұмысы бірден өзгереді дегенді білдірмейді.
Айта кетейік, бұған дейін Шахмұрат Мүтәліп пен “Самұрық-Қазына” қорының басшысы Нұрлан Жақыпов Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының менеджерлер кеңесінің құрамына кірген еді. Бұл өзгеріс Мүтәліпке тиесілі Nature Energy Solutions Ltd. компаниясы ERG акцияларының 39,3%-ын сатып алғаннан кейін болған.