Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Анталияға жолдама алып, сапардан бас тартқан: Астана тұрғыны 690 мың теңгесін қайтарып алды

тур ақша
Фото: magnific.com

Астана қаласының тұрғыны Анталияға сатып алған туристік жолдамасынан бас тартып, кәсіпкер төленген ақшаны қайтармай қойған. Осыдан кейін елорда тұрғыны тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағымданған. Нәтижесінде елорда тұрғыны 690 831 теңгесін түгелдей қайтарып алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, тұрғын туристік қызмет көрсететін кәсіпкерден Анталия қаласына жолдама сатып алған. Ол үшін 690 831 теңге төлеген. Алайда тараптар арасында туристік қызмет көрсету туралы жазбаша келісімшарт жасалмаған.

Төлем жасалған күні тұтынушы сапардан бас тарту туралы шешім қабылдап, кәсіпкерден ақшасын қайтаруды талап еткен. Бірақ кәсіпкер турдың "қайтарылмайтын" екенін алға тартып, қаражатты беруден бас тартқан.

Бұдан бөлек, кәсіпкер туристік қызметке байланысты нақты қандай шығындар жұмсағанын растайтын құжаттарды ұсынбаған. Тұтынушының жолдаған жазбаша наразылығына да жауап бермеген.

Осыдан кейін елорда тұрғыны өз құқықтарын қорғау үшін Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген.

Өтінішті қараған департамент мамандары кәсіпкерлік субъектісімен жұмыс жүргізіп, оған Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау және туристік қызмет туралы заңнамасының талаптарын түсіндірген.

Нәтижесінде тараптар арасындағы мәселе сотқа дейін реттеліп, тұтынушыға төленген 690 831 теңге толық көлемде қайтарылды.

Туристік жолдама сатып алғанда нені ескеру керек?

Департамент мамандары азаматтарға туристік өнімді сатып алу кезінде қызмет көрсетушімен міндетті түрде жазбаша келісімшарт жасауды ескертеді. Құжатта сапардың шарттары, тараптардың құқықтары мен міндеттері, қызметтің құны және келісімшартты бұзу тәртібі нақты көрсетілуі керек.

Сонымен қатар "қайтарылмайтын тур" деген шарт тұтынушының сапар басталғанға дейін одан бас тарту құқығын автоматты түрде жоймайды. Мұндай жағдайда қызмет көрсетуші тек құжатпен расталған нақты шығындарын ғана ұстап қалуға құқылы.

Егер тұтынушының құқықтары бұзылса, алдымен қызмет көрсетушіге өз талаптарын көрсетіп, жазбаша наразылық жолдауы қажет. Ал оған жауап берілмесе немесе талаптары орындалмаса, e-Otinish платформасы арқылы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағымдануға болады.

Мамандар азаматтарға қызмет сатып алар алдында келісімшарт талаптарын мұқият оқып, өз құқықтарын қорғау үшін қажетті құжаттарды сақтауға кеңес береді.

Бұған дейін қазақстандықтар тур сатып алып, сапарға бара алмай, екі жыл несие төлеуге мәжбүр болып отырғаны туралы жазған едік.  Әлемді аралаймын деп армандаған 5 қаланың тұрғындары миллиондап несие алып, қарызға батып отыр. Туристік фирманың басшысы Еркебұлан Аймұратов сот залына келді. Ол қарызды мойындаса да, сотқа “алаяқтық жасамадым” деген уәж айтты.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 26 Қараша, 2026 15:04