Атырау облысында мемлекеттік органдардың 800-ден астам жалған қызметтік куәлігі тәркіленді
Атырау облысында полиция мемлекеттік органдардың жалған қызметтік куәліктерін жасап, сатумен айналысқан заңсыз әрекетті әшкереледі. Тінту кезінде 800-ден астам жалған құжат пен оларды жасауға пайдаланылған болуы мүмкін құрал-жабдықтар тәркіленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігіт хабарлайды.
Оқиға 23 қарашада басталған. Сол күні полицейлер Lexus 470 көлігін тоқтатқан. Көлік ішінде төрт ер адам болған. Тексеру кезінде олардан тапаншаға ұқсас зат пен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерінің қызметтік куәлігі табылған. Кейін құжаттың жалған екені анықталған.

Полицейлер жалған куәліктерді кім жасағанын анықтау үшін тексеруді жалғастырған. Нәтижесінде 39 жастағы Атырау облысының тұрғыны күдікті деп танылған. Ер адамның үйін тінту кезінде түрлі мемлекеттік органның 803 жалған қызметтік куәлігі табылған. Оның ішінде:
- 606 – Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерінің;
- 95 – Ішкі істер министрлігі қызметкерінің;
- 47 – мемлекеттік кірістер органдары қызметкерінің;
- 46 – прокуратура қызметкерінің;
- 9 – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілінің куәлігі.
Бұдан бөлек, 367 Ұлттық қауіпсіздік комитеті эмблемасы, мөр, компьютерлік техника, принтер, қатқыл диск және жалған құжат жасауға пайдаланылған болуы мүмкін өзге де заттар тәркіленген.
Мәліметке сәйкес, күдікті жалған куәліктерді сатып келген. Тоқтатылған көліктегі ер адамдардың бірі одан осындай құжаттарды сатып алғаны анықталды.
“Қазір полиция заңсыз әрекеттің барлық мән-жайын анықтап, күдіктінің сыбайластарын және жалған куәліктерді сатып алған адамдарды іздеп жатыр. Полицияның жедел әрекетінің арқасында қылмыс жасауға пайдаланылуы мүмкін жүздеген жалған құжаттың таралуына жол берілмеді. Тергеу амалдары жалғасып жатыр”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда шетелдіктерге жалған құжат дайындаумен айналысқан ер адам ұсталғаны туралы жазған едік.
Бакалавриат 3 жылға қысқарса, Қазақстан студенттерін не күтіп тұр: Ұта ма, ұтыла ма