Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Илон Маск құрған xAI компаниясы болашақ оқиғаларды болжайтын стартап іске қосты

компания
Фото: Reuters

Илон Маск құрған xAI компаниясының үш негізін қалаушы болашақта не болатынын болжауға арналған жасанды интеллект әзірлейтін Epochal стартапын іске қосты.  Компанияның 12 негізін қалаушысының тоғызы қазірдің өзінде компаниядан кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bloomberg басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Жаңа жобаны Чжан Годун, Дай Цзыхан және Мануэль Кройсс басқарады. Олар 2026 жылы ақпанда xAI компаниясынан кеткен. Бұған компанияның SpaceX-пен бірігуі себеп болған. Epochal жобасының негізін қалаушылар қатарында Алекс Бочаров пен Фрэнк Луань да бар. Сонымен бірге стартапқа xAI, OpenAI, Anthropic және Google DeepMind компанияларында бұрын жұмыс істеген мамандар тартылған.

Bloomberg дереккөзінің мәліметінше, Чжан Годун жаңа жобаға өз қаражатынан 100 миллион доллар салуды жоспарлап отыр. Әзірге стартаптың сыртқы инвесторлардан қаржы тартқаны туралы ақпарат жоқ.

Epochal компаниясы әзірге Time Portal деп аталатын алғашқы өнімін таныстырды. Бұл құрал жасанды интеллект жүйелеріне интернеттің белгілі бір күндегі сақталған нұсқасын қарауға мүмкіндік береді.

Оның көмегімен жасанды интеллектіні болашақта не болатынын болжауға үйретуге болады. Демек модельдер белгілі бір оқиға әлі болмаған кезде қолжетімді болған ақпаратты талдап, оның ықтимал нәтижесін болжайды. Бұл болжау кезінде кейін белгілі болған деректерді пайдаланбауға мүмкіндік береді.

Әзірлеушілердің айтуынша, Time Portal жүйесін 90 күнде жасап шыққан. Оның негізінде соңғы 30 жылда интернетте жарияланған бір триллионнан астам веб-парақты қамтитын іздеу жүйесі жатыр.

Алдағы уақытта Epochal түрлі экономикалық саладағы өзгерістерді болжауға және шешім қабылдауға көмектесетін жасанды интеллект моделін әзірлеуді жоспарлап отыр.

“Оқиғаларды адамнан дәлірек болжай алу мүмкіндігі барлық дерлік саланы өзгертеді. Себебі кез келген шешімнің негізінде болжам жатады”, – делінген компания мәлімдемесінде.

Айта кетейік, бұған дейін Билл Гейтс жасанды интеллект Covid-19-дан да қауіпті пандемияға әкелуі мүмкін екенін ескерткені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 26 Қараша, 2026 10:54