Билл Гейтс жасанды интеллект Covid-19-дан да қауіпті пандемияға әкелуі мүмкін екенін ескертті
Microsoft компаниясының негізін қалаушылардың бірі Билл Гейтс жасанды интеллект технологияларының дамуы адамзат үшін коронавирус пандемиясынан да ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін айтты. Оның пікірінше, қаскөйлер жасанды интеллектіні биологиялық қару жасауға немесе маңызды цифрлық жүйелерге кибершабуыл ұйымдастыруға пайдалануы ықтимал. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Financial Times басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Гейтс мұны Future of AI Summit жиынында мәлімдеді. Миллиардердің сөзінше, қазіргі жасанды интеллект модельдерінің мүмкіндігі орасан зор. Сондықтан оның адамзатқа тигізер пайдасын да, зиянын да бағаламауға болмайды.
“Мені әсіресе жасанды интеллект көмегімен биологиялық қару әзірлеу қаупі алаңдатады. Сонымен қатар технологияны цифрлық инфрақұрылымға шабуыл жасау үшін пайдалану мүмкіндігі де үлкен қауіп төндіреді. Кейбір ашық әрі көпшілікке қолжетімді жасанды интеллект модельдерінен қауіпсіздік шектеулері мен бақылау тетіктерін алып тастауға болады. Бұл технологияны теріс мақсатта пайдалану қаупін одан әрі арттырады”, – деді миллиардер.
Гейтс жасанды интеллект арқылы жасалған биологиялық шабуыл Covid-19 пандемиясынан да қауіпті болуы мүмкін екенін ескертті.

Кәсіпкер жасанды интеллект саласының өзін-өзі реттеуіне сенбейді. Оның пікірінше, бірнеше ірі компанияның қатысуымен туындаған мәселені тек мемлекеттік деңгейде шешуге болады.
“Мәселені шешудің жалғыз жолы – оны мемлекеттік деңгейге көтеру. Өйткені бұл іске бірнеше компания араласқан сәттен бастап, саланың өзін-өзі реттеуіне сену жеткіліксіз”, – деді ол.
Алайда Гейтстің пайымдауынша, АҚШ әкімшілігінің белсенділік танытпауы жасанды интеллектіні халықаралық деңгейде реттеу жұмыстарын тежеп отыр.
“АҚШ қатыспаса, қандай да бір шара қабылдаудың мәні аз. Сондықтан біз белгілі бір тығырыққа тірелдік. Енді олардың ұстанымын өзгертуі үшін тағы қанша келеңсіз оқиға болуы керек деген сұрақ қана қалды”, – деді миллиардер.
Ол Ақ үй әкімшілігін жасанды интеллект модельдеріне арналған қауіпсіздік және бақылау тетіктерінің бірыңғай стандартын әзірлеуге шақырды. Сонымен қатар АҚШ киберқауіпсіздік саласындағы осал тұстарды жою жөніндегі халықаралық бастамаларға жетекшілік етуі керек деп санайды.
Билл Гейтс ықтимал індеттерді ерте анықтау үшін ауа, ағынды су және қан үлгілеріне тұрақты әрі ауқымды мониторинг жүргізуді де ұсынды. Оның пікірінше, мұндай жүйе жасанды интеллект көмегімен таралуы мүмкін инфекцияларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Гейтс жасанды интеллектінің игілігін көруге бағытталған жұмыстарды да жеделдету қажет екенін айтты. Атап айтқанда, бұл технология дәрі-дәрмек әзірлеуге және ауруханалардағы кезекті қысқартуға көмектесе алады.
Бұған дейін не айтылды?
Айта кетейік, OpenAI компаниясы 2022 жылы ChatGPT көпшілікке ұсынылмай тұрып, Билл Гейтске чат-ботты сынақтан өткізуге мүмкіндік берген. Кәсіпкер биыл OpenAI мен Anthropic компаниялары жаңа жасанды интеллект модельдерін ұсынады деп күтеді. Сонымен қатар 2027 жылы екі ірі технологиялық жаңалық жарық көруі мүмкін екенін айтты.
Гейтс алдағы модельдердің адам бақылауынан шығып кету қаупі де өзекті мәселеге айналуы мүмкін екенін ескертті. Оның сөзінше, бұл қауіп тіпті жақын уақытта, жаңа нұсқалар пайда болған кезде-ақ туындауы ықтимал.
Бұған дейін, қыркүйек айында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Anthropic басшысы Дарио Амодеи, OpenAI басшысы Сэм Альтман және ғалым Йошуа Бенжио жасанды интеллектінің адамзатқа төндіретін қауіптері туралы ескерткен еді. Олар технологияны реттеу үшін халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге шақырды.
Алайда бұл ұстаным АҚШ президенті Дональд Трамптың көзқарасына сәйкес келмейді. Financial Times басылымының жазуынша, Трамп G20 аясында жасанды интеллектіні реттеуге арналған ортақ қағидалар әзірлеу бастамасын қолдамай, оны “жаһанданушылардың жоспары” деп атаған. Оның орнына АҚШ президенті технологиялық компаниялардың саланы өз бетінше реттеуіне басымдық беріп отыр.
Гейтс қыркүйекте жасанды интеллектінің миллиард адамның өміріне қауіп төндіретін апаттарға себеп болуы мүмкін екенін айтқан еді. Ол мұндай қатердің алдын алу үшін мемлекет міндетті түрде қауіпсіздік шараларын әзірлеуі керегін жеткізді.
Миллиардер тамыз айында жариялаған мақаласында жасанды интеллектінің еңбек нарығына әсері, кибершабуылдардың көбеюі және адамдардың виртуалды серіктерге тәуелділігі сияқты қауіптерге тоқталған. Сонымен қатар ол технологияның кесірінен жұмысынан айырылуы мүмкін адамдарды әлеуметтік қолдау үшін жасанды интеллект токендері мен боттарына салық салуды ұсынған.
Айта кетейік, бұған дейін ChatGPT қауіпті у мен биоқару жасауға қатысты сұрақтарға нұсқаулық бере бастағаны туралы жазған едік.
OpenAI қызметкерлерінің айтуынша, кей жауаптар биологияны оқып жүрген орта мектеп оқушысы да түсіне алатындай қарапайым тілде жазылған. Жекелеген жауаптарды талдаған мамандар оларды “нақты қауіп деңгейінде” деп бағалаған.
Қазақстанда 2026 жылы той жасау қанша тұрады: Қонақтардың сыйлығы шығынды жаба ма