Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шығыс Қазақстанда әскерге кеткен сарбаз психикалық ауытқумен ауруханаға түсті

әскер сарбаз
Фото: Видеодан скрин

Шығыс Қазақстан облысында әскери борышын өтеп жүрген  жас сарбаз психикалық ауытқуға байланысты ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қостанайдан әскерге аттанғанына небәрі жарты жыл болған Станислав Партоленко қазір өздігінен сөйлей алмай, тіпті қолына қаламсап ұстауға да шамасы келмей қалған. Бұл туралы сарбаздың туыстары айтып отыр.

Станиславтың анасы Татьяна Портоленконың сөзінше, ұлының қазіргі жағдайы өте ауыр. Жақында оның әкесі Өскеменге барып, баласымен кездескен. Алайда сарбазды көргенде жағдайының мұншалықты нашарлағанына алаңдаған.

"Станиславтың әкесі Өскеменге барды. Баламызбен әрең кездесті. Оның жағдайын көріп, жұмсартып айтқанда, қорқынышты деуге болады. Ол сөйлеспейді, тек міңгірлейді. Қолын көтере алмайды. Тіпті қаламсапты қолына ала алмай қойды", – дейді анасы.

Әзірге жас сарбаздың мұндай жағдайға қалай тап болғаны белгісіз. Әскери борышын Өскемен гарнизонында өтеп жүрген жауынгер 19 қарашада шұғыл түрде жергілікті медициналық мекемеге жеткізілген. Әскерилер оның жағдайының нашарлауын психоэмоционалдық күйінің күрт өзгеруімен байланыстырып отыр.

Дәрігерлер сарбаздың ауруы асқынып кеткенін және оны емдеу ұзақ уақытты қажет ететінін айтқан.

Ал Қазақстан Қорғаныс министрлігі әскери бөлімде әлімжеттік пен қысым болмағанын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, Станислав Партоленко әкесінің талабымен әскери-дәрігерлік комиссиядан өту үшін Астанаға жіберілген.

"Қазір Станислав Партоленко әкесінің талабына байланысты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық госпиталіне әскери-дәрігерлік комиссиядан өту үшін әкесі және әскери бөлім өкілдерімен бірге Астана қаласына жолға шықты", – деп хабарлады министрлік.

Сондай-ақ ведомство Станислав Партоленкодан да, оның ата-анасынан да әскери қызмет жағдайына, сарбаздар арасындағы қарым-қатынасқа немесе командирлердің әрекеттеріне қатысты ешқандай шағым түспегенін атап өтті.

Бұған дейін әскерден қайтуына бір ай қалған шымкенттік сарбаз ауруханаға түсіп, сал болып қалғаны туралы жазған едік. 18 жасында әскерге өз еркімен кеткен Өмірбек Сұлтанмұратов мүгедек болып оралды. Павлодардағы 5512 әскери бөлімінде Ұлттық Ұлан сапында болған жігіттің жағдайы туралы комаға түскенде сарбаздың жақындары бір-ақ білген. Олар ауруханаға алып-ұшып барғанымен жігітті екі апта бойы көрсетпеген. Анасының айтуынша, ол ұлының "менингиттен" емес ауыр соққылардан сал болғанына сенімді.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 26 Қараша, 2026 08:51