Тұмау мен ЖРВИ: Қазақстан мектептері қашықтан оқыту форматына көшіріле ме
Қазақстан мектептерінде жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) жұқтырған оқушылардың үлесі бір сыныпта 30%-ға жеткенде немесе одан да көп болған жағдайда қашықтан оқыту форматы енгізіледі. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сархат Бейсенованың мәліметінше, еліміздегі бірде-бір сыныпта науқас оқушылардың үлесі 20%-ға да жетпеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Брифинг барысында Сархат Бейсенова қазір мектептерді қашықтан оқытуға көшіруге немесе оқушылардың кабинеттен кабинетке ауысуын шектеуге негіз жоқ екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, мектептер мен балабақшаларда балалардың сабаққа қатысуы күн сайын бақылауға алынып, таңертең білім беру ұйымдарына келген оқушылардың денсаулық жағдайы тексеріледі.
Сондай-ақ ол ата-аналарды ауру белгілері байқалған балаларын білім беру ұйымдарына жібермеуге шақырды.
Қазақстанда ЖРВИ жұқтырғандар саны 1,5 миллионға жуықтады
Қыркүйек айынан бері Қазақстанда ЖРВИ-дің шамамен 1,5 миллион жағдайы тіркелген. Соңғы бір аптада 133 мыңнан астам адамнан инфекция анықталған. Дегенмен бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7 есе аз.
Тұмауға қарсы екпе алған қазақстандықтардың саны 2 миллионнан асты. Биылғы эпидемиологиялық маусымға 2,2 миллион доза екпе сатып алынған. Екпе егу науқаны 1 желтоқсанға дейін жалғасады.
Маусымдық аурулардың көбеюіне байланысты еліміздің барлық өңірінде алдын ала іс-шаралар жоспары әзірленген. Егер ауруханалардағы инфекциялық төсек-орындардың жүктемесі 85%-ға жетсе, науқастарды қабылдау үшін қосымша орындар ашылады.

COVID-19 жұқтыру көрсеткіші де төмендеген
Жыл басынан бері Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырудың 381 жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,6 есе аз. Биыл COVID-19 инфекциясынан қайтыс болғандар тіркелмеген.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда бала туу көрсеткішінің төмендеуіне байланысты мектептер жаңа жұмыс режиміне көшуі мүмкін екені туралы жазған едік.
Қазақстандықтар Pinduoduo-дан дәретхана қағазына дейін алатын болған: Бұл отандық кәсіпкерлерге қалай әсер етеді