Жаңа жылдық жеңілдіктерге сенген қазақстандықтар ақшасынан айырылуы мүмкін: алаяқтар қандай схемаларды қолданады
Жаңа жыл қарсаңында интернет-дүкендердегі жеңілдіктер мен тиімді ұсыныстарды іздейтіндер көбейеді. Алайда алаяқтар да осы мүмкіндікті пайдаланып, арзан смартфондар, тұрмыстық техника мен мерекелік сыйлықтар ұсынып, азаматтардың ақшасы мен жеке деректерін иемденуі мүмкін. Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарды жалған дүкендер мен күмәнді сілтемелерден сақ болуға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алаяқтар қазақстандықтарды қалай алдайды?
Полицияның мәліметінше, мереке қарсаңында интернет-алаяқтар бірнеше тәсілді жиі қолданады. Мәселен, олар нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан смартфондар мен тұрмыстық техниканы сатуға шығарады. Кейбірі жаңа жылдық сыйлықтар мен арнайы жеңілдіктер ұсынса, енді бірі азаматтарға мерекелік ұтысқа ие болғанын хабарлайды.
Мұндай хабарландырулардың мақсаты – сатып алушыдан алдын ала төлем алу немесе оның банк картасы мен жеке деректеріне қол жеткізу.
Алаяқтар жалған интернет-дүкендер жасап, танымал сауда алаңдары мен компаниялардың сайттарын көшіріп алуы мүмкін. Сатып алушы сол парақшаға кіріп, тауарға тапсырыс беруге тырысқанда, одан банк картасының деректерін, CVV кодын немесе SMS арқылы келген құпиясөзді енгізу сұралады.
Тағы бір тәсіл – мерекелік сыйлық немесе жеңілдік туралы хабарламаға күмәнді сілтеме қосу. Оған өткен адамнан бейнежазбаны көру үшін белгісіз қосымшаны орнату талап етілуі мүмкін. Мұндай файлдарда телефонға зиян келтіретін бағдарламалар болуы ықтимал.
Жалған дүкенді қалай тануға болады?
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де фишингтік сайттардан сақ болуға шақырды. Мамандардың айтуынша, жалған парақшаларды бірнеше белгісіне қарап ажыратуға болады:
-
сайт ұзақ жүктеліп, кейін басқа парақшаға автоматты түрде бағыттайды;
-
тауар немесе сыйлық алу үшін белгісіз файлды жүктеу не қосымша орнату ұсынылады;
-
ашылған парақшаның мазмұны бастапқыда көрсетілген сайтқа сәйкес келмейді;
-
жеңілдік алу немесе сыйлықты рәсімдеу үшін банк картасының және жеке деректерді енгізу талап етіледі.
Сондықтан сатып алмас бұрын интернет-дүкеннің мекенжайын мұқият тексеріп, сатушы туралы ақпарат пен сатып алушылардың пікірлерін қараған жөн.
Қазақстанда интернет-алаяқтық азайды ма?
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанда интернет-алаяқтықтың шамамен 15 мың жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21%-ға аз. 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында мұндай 19 мыңға жуық дерек болған.
Сонымен қатар құқық қорғау органдары 90 миллионнан астам алаяқтық қоңырауды бұғаттаған. Мессенджерлердегі аккаунттарды кейін алаяқтық мақсатта пайдалану үшін белсендірген деген күдікпен 150-ден астам адам ұсталған.
Алаяқтарға алданып қалмау үшін не істеу керек?
Полиция қазақстандықтарға белгісіз интернет-дүкендерге алдын ала ақша аудармауға, сатушының сенімділігін тексеруге және күмәнді сілтемелерге өтпеуге кеңес береді.
Сондай-ақ банк картасының нөмірін, CVV кодын және SMS арқылы келген бір реттік құпиясөздерді бөгде адамдарға айтуға болмайды. Белгісіз сайттардан қосымшалар мен файлдарды жүктемеген дұрыс.
Егер алаяқтарға алданып, ақша аударып қойған болсаңыз, дереу банкке хабарласып, картаны бұғаттау қажет. Бұдан кейін полицияға арыз беріп, қажет жағдайда 102 нөміріне қоңырау шалуға болады.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде қазақстандықтарға 5 миллион теңгеге дейінгі несиесі мен айыппұлдарын кешіруге уәде беретін бейнежазбалар тараған еді. Алаяқтар мемлекеттік рәміздерді пайдаланып, азаматтарды жалған сайтқа бағыттаған. Онда жеке мәліметтерді енгізіп, кейін Telegram аккаунтына қол жеткізуге мүмкіндік беретін авторизацияны растау ұсынылған. Мамандар мұндай уәделерге сенбей, ақпаратты тек ресми мемлекеттік ресурстардан тексеруге шақырды.
Қазақстандықтар Pinduoduo-дан дәретхана қағазына дейін алатын болған: Бұл отандық кәсіпкерлерге қалай әсер етеді
