Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

5 миллионға дейін несие мен айыппұлды кешіруге уәде беріліп жатыр: Қазақстандықтарға ескерту жасалды

 
оооооо
Фото: Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы

Әлеуметтік желіде 18 жастан асқандарға 5 млн теңгеге дейінгі несие мен айыппұлдарды кешіру бойынша ақпарат тарап жатыр. Осы жағдайға байланысты Президент жанындағы Орталық Коммуникациялар қызметінің Жалған ақпаратқа қарсы күрес орталығы аталған бейнежазбаларды талдады. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Адамның сеніміне кіру үшін роликтердің авторлары мемлекеттік рәміздерді қолданады және профиль сипаттамасындағы сілтемеге өтуді ұсынады. Сілтеме жасалған сайт әлеуметтік көмектің ресми қызметіне ұқсайды. Пайдаланушыға туған жылын көрсету ұсынылады, содан кейін бағдарламаның шарттарына сәйкес келетіні туралы хабарланады және Telegram-ға өту ұсынылады. Кері санақ таймері шұғылдық сезімін тудырып, жылдам әрекет етуге итермелейді.

"Telegram-ға авторизацияны растау кезінде пайдаланушы, шын мәнінде, бөгде адамдарға өзінің есептік жазбасына, жеке хат-хабарларына және байланысты деректеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді," - деп ескертті орталықтан.

Мамандандырылған сервистер ресурсты фишингтік, сондай-ақ спам таратушы деп жіктейді. Сонымен қатар, тексеріс кезінде домен шамамен 17 күн бұрын тіркелген, бұл өздігінен алаяқтықты дәлелдемейді, бірақ басқа белгілермен бірге күдік тудырады.

"Бұл белгілердің жиынтығы мемлекеттік көмек алу сылтауымен фишинг қауіпін көрсетеді," – деп толықтырды орталық.

Сондай-ақ, Орталық коммуникация қызметі жанындағы Дезинформациямен күрес орталығы күмәнді сайттарды қалай анықтауға және жеке деректерді қалай қорғауға болатынын түсіндірді.

  • Домен атауын тексеріңіз. Қазақстанның ресми мемлекеттік ресурстары .gov.kz домендік аймағын, ал басқа да көптеген ресми ұйымдар .kz доменін пайдаланады. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың сайт атаулары көбіне латын әріптерімен, қазақ сөздері мен олардың қысқартуларын қолдану арқылы жазылады.
  • Ерекше домендерге назар аударыңыз. Егер сайт атауынан кейін .cfd, .xyz, .top немесе .click сияқты бейтаныс домендік аймақтар тұрса, мұндай ресурсты мұқият тексерген жөн.
  • Сайттың сыртқы көрінісіне ғана сенбеңіз. Мемлекеттік рәміздер, логотиптер мен қорғалған байланыс туралы жазулар сайттың шынымен мемлекеттік органға тиесілі екенін дәлелдемейді.
  • Уәделерді тексеріңіз. Несие мен айыппұлдарды есептен шығару туралы ақпаратты мемлекеттік органдардың ресми ресурстарынан іздеңіз.
  • Күмәнді авторизацияны растамаңыз. Кімге және қандай құқықтар беріп жатқаныңызға сенімді болмасаңыз, Telegram және басқа аккаунттарыңызға қол жеткізуге рұқсат бермеңіз.
  • Егер күмәнді кіру әрекетін растап қойған болсаңыз, Telegram-дағы белсенді сеанстарды тексеріп, бейтаныс сеанстарды аяқтап, екі сатылы аутентификацияны қосыңыз.

Дезинформациямен күрес орталығында алаяқтар адамдарды алдау үшін әр қадамды мұқият ойластыратынын еске салды. Олар қарыздарды есептен шығаруға уәде беріп, қаржылай көмек ұсынуы немесе қоғамдағы өзекті тақырыптарды пайдаланып, адамдардың сеніміне кіруге тырысуы мүмкін.

"Сырттай сенімді көрінетін жарияланымдардың артында жеке деректер мен аккаунттарға қол жеткізуді көздейтін фишингтік схемалар жасырынуы мүмкін. Сондықтан дабыралы уәделерге сенбей, ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеріп, сілтемелер мен авторизация сұрауларына мұқият қарау маңызды", – деп мәлімдеді.

Еске сала кетейік, Ақмола облысында ауылдық округ әкімі кәсіпкерге жалған мәліметтер көрсетілген анықтама бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәсіпкер бұл анықтаманы жер телімін алу конкурсында артықшылыққа ие болу үшін пайдаланған.

Ислам Әден
Сейсенбі, 27 Қазан, 2026 16:34