Алматыда "Аяжан" жеке клиникасы жалған медициналық анықтама жасағаны үшін тексеріледі
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі Алматыдағы “Аяжан” жекеменшік клиникасына жоспардан тыс тексеру жүргізуді бастады. Оған әлеуметтік желілердегі жазбалар себеп болды. Онда клиника медициналық тексеруден өтпеген адамдарға жалған анықтамалар мен жеке медициналық кітапшалар беруі мүмкін екені айтылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрлік тексеру нәтижесінде заңбұзушылықтар расталса, уәкілетті органдар өз құзыреті шегінде тиісті шаралар қабылдайтынын мәлімдеді.
Министрлік медициналық анықтамалар адам дәрігердің тексеруінен өткен соң ғана берілуі керек екенін еске салды.
“Ресми құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу, жалған құжат екенін біле тұра пайдалану қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Заңсыз құжат рәсімдегендер ғана емес, жалған анықтамалар мен еңбекке жарамсыздық парағын әдейі сатып алған немесе пайдаланған азаматтар да жауапқа тартылуы мүмкін”, – деп ескертті министрлік.
Министрлік азаматтардан медициналық тексеруден өтпей анықтама алмауды сұрады. Сонымен қатар медициналық ұйымның заңды жұмыс істейтінін тексеріп, заңбұзушылықтар туралы тиісті органдарға хабарлауға шақырды.
Адам факторын азайтып, құжаттарды қолдан жасауға жол бермеу үшін елде цифрлық құралдар енгізіліп жатыр. 2026 жылдың басынан бері Қазақстанда 13,7 миллионнан астам электрондық медициналық құжат берілген. Оның ішінде:
- 8 095 396 – медициналық анықтама мен еңбекке жарамсыздық парағы;
- 5 698 396 – диспансерлік есепте тұруға қатысты анықтама (психиатрия, наркология және фтизиатрия бағыттары бойынша).
Бұдан бөлек, еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдеу тәртібі де өзгерді. Енді медицина қызметкері құжатқа ақпараттық жүйе арқылы өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасын (ЭЦҚ) қойып, оның заңды түрде рәсімделгенін растайды.
Азаматтың келісімімен еңбекке жарамсыздық парағының ашылғаны және ұзартылғаны туралы мәлімет жұмыс берушіге hr.enbek.kz порталы арқылы автоматты түрде жіберіледі. Ал қызметкер бұл ақпаратты Enbek HR қосымшасынан көре алады.
Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі жүкті әйелдерді, жаңа туған нәрестелер мен бес жасқа дейінгі балаларды медициналық бақылауға алуды күшейтуді тапсырған еді. Әсіресе жүктілігі жоғары қауіп тобына жататын әйелдерге басымдық беріледі. Олардың әрқайсысына алдын ала жеке бақылау жоспары жасалып, қай медициналық мекемеде босанатыны анықталуға және жауапты мамандар бекітілуге тиіс.
"Киімдегі жалаңаш қыздар": Дене бітімін айқындайтын хиджаб үлгісі қазақстандықтардың сынына қалды
