Жүкті әйелдер аурухананы өзі іздемеуі керек: Қазақстанда аяғы ауырларға медициналық көмек көрсету күшейтіледі
Қазақстанда жүкті әйелдерге, жаңа туған нәрестелер мен бес жасқа дейінгі балаларға медициналық көмек көрсетуге бақылау күшейтіледі. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңірлік денсаулық сақтау басқармалары мен медициналық орталықтардың басшыларына тиісті тапсырма берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ең алдымен, жүктілігі жоғары қауіп тобына жататын әйелдерге ерекше көңіл бөлінеді. Олар тұрақты дәрігер бақылауында болып, әрқайсысына жүктілікті жүргізудің жеке жоспары жасалуға тиіс. Сондай-ақ қай перзентханада босанатыны алдын ала анықталып, жауапты мамандар бекітіледі.
Министр жүкті әйелдерді ауруханаға уақтылы жатқызуды, медициналық мекемелердің демалыс және мереке күндері де шұғыл көмек көрсетуге дайын болуын тапсырды. Перинаталдық орталықтарда инфекциялық бақылау да күшейтіледі.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармалары жүкті әйелдерді ауруханаға жатқызудан негізсіз бас тарту жағдайларына жол бермеуі керек.
“Жүкті әйел медициналық ұйымға жүгінген кезде қажетті мамандарды тартып, медициналық көмек сол жерде ұйымдастырылуға тиіс. Аурухананы әйелдің өзі іздемеуі керек, керісінше, денсаулық сақтау жүйесі оған уақтылы көмек көрсетуді қамтамасыз етуі қажет”, – деді Ақмарал Әлназарова.
Бес жасқа дейінгі балаларға жедел жәрдем көрсету тәртібі де қайта қаралады. Дәрігерлер шақыртуға барған кезде баланың жағдайын жан-жақты бағалап, медициналық көрсетілім болса, оны қосымша тексеру және ауруханаға жатқызу мәселесін шешу үшін стационарға жеткізуге тиіс.
Осыған байланысты жедел жәрдем қызметінің жұмыс тәртібі қайта қаралып, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға басымдық беріледі.
Сонымен қатар республикалық ғылыми орталықтарға өңірлердегі дәрігерлерге қолдау көрсетіп, жас мамандарға тәлімгерлік етуді күшейту тапсырылды. Олар екі апта ішінде медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеуі керек.
Министрлік перзентханадан шыққаннан кейін ана мен балаға үйде медициналық бақылау жүргізу сапасын, сондай-ақ перзентханалар мен емханалар арасындағы байланысты да күшейтеді.
Еске салайық, бұған дейін Ақмарал Әлназарова балалар ауруханаларының, перзентханалар мен жедел жәрдем станцияларының бас дәрігерлері және олардың орынбасарларының өз қызметіне қаншалықты сай екенін тексеруді тапсырғаны хабарланған еді.
"Жігітім үшін жер қазуға бардым": Қазақстандықтар желіде махаббат үшін жасаған ессіз әрекеттерін бөлісіп жұртты күлдірді
