Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жалған анықтама үшін әкім 430 мың теңгеден астам айыппұл арқалады

жер бордақылау анықтама байқау
Фото: pexels.com

Ақмола облысында ауылдық округ әкімі кәсіпкерге жалған мәліметтер көрсетілген анықтама бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәсіпкер бұл анықтаманы жер телімін алу конкурсында артықшылыққа ие болу үшін пайдаланған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Прокуратураның мәліметінше, Біржан сал ауданының прокуратурасы бордақылау алаңын салу жобасын жүзеге асырып жатқан "Zere Agro Holding" ЖШС-нің құқықтарын қорғаған.

"Құны 600 миллион теңгені құрайтын инвестициялық жоба аясында 10 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Алайда инвестор жер учаскесін алу кезеңінде кедергіге тап болған", – делінген прокуратура хабарламасында.

Прокуратураның анықтауынша, жер телімін беру конкурсы кезінде Үлгі ауылдық округінің әкімі қатысушылардың біріне тұрғылықты жері туралы анықтама берген. Бірақ анықтамадағы ақпарат мемлекеттік тіркеу деректеріне сәйкес келмеген. 

Осы анықтама үшін жер комиссиясы конкурсқа қатысушыға негізсіз қосымша ұпай берген. Бұл конкурс нәтижесіне әсер етіп, инвестордың құқығы бұзылған. 

“Аудан прокуратурасы заң бұзушылыққа байланысты шаралар қабылдады. Үлгі ауылдық округінің әкімі кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 173-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аталған бап бойынша 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 432 500 теңге айыппұл қарастырылған”, – деп мәлімдеді Ақмола облысының прокуратурасы.

Сонымен қатар істі қарау нәтижесінде сот конкурс қорытындысын жойды.

Қазір инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін "Zere Agro Holding" ЖШС-не жер учаскесін беру мәселесін аудан прокуратурасы өз бақылауына алды.

Айым Болатқызы
Жұма, 09 Қазан, 2026 19:57