Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алма-Арасан тау бөктеріндегі жабық аумақ: Алма бағының ортасында кімдер коттедж салып жатыр?

алма арасан жақтағы коттедждер
Фото: google.com/maps

Алма-Арасанның алма бақтарының арасында пайда болған коттедждер кімге тиесілі және олар бұл аумақта қандай негізде салынған? Stan.kz редакциясы осы сұраққа жауап іздеп, мемлекеттік органдардың құжаттарын, кадастрлық деректерді, ашық бизнес-реестрлерді және бірнеше жылға созылған спутниктік суреттерді салыстырды. Осылайша, алты жер телімі, үш меншік иесі және олардың арасындағы күтпеген бизнес байланыстары анықталды.

Алматының тау бөктеріндегі құрылысқа қатысты талаптар соңғы жылдары күшейді. 2025 жылдың тамызында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың жоғарғы бөлігінде тұрғын үй кешендері мен нүктелік құрылысқа мораторий енгізуді тапсырды. Сонымен қатар Алматының бас жоспарына табиғатты қорғау шараларын күшейтетін өзгерістер енгізіп, тау бөктерін құрылыс салудан қорғау міндетін қойды.

Кейін Алматы әкімдігі мораторийдің нақты аумағын түсіндірді. Шектеу Талғар трактісінен, Шығыс айналма автожолынан, Әл-Фараби даңғылынан, Саин және Жандосов көшелерінен оңтүстікте орналасқан аумақтарға қатысты екені айтылды.

Осыған байланысты Алматының Наурызбай ауданындағы Алма-Арасан маңындағы құрылысқа қатысты сұрақтар туындайды. Алма бақтарының арасында соңғы жылдары бірнеше ірі коттедж пайда болған. Мемлекеттік орган бұл аумақтағы жер телімдеріне қатысты тексеру жүргізуге әрекет жасаған, алайда нысанға қол жеткізу мүмкін болмағандықтан, тексеру толық аяқталмаған.

Редакция аталған аумаққа қатысты мемлекеттік органдардың жауаптарын, жер телімдерінің кадастрлық деректерін, ашық бизнес-реестрлердегі мәліметтерді және спутниктік суреттерді зерделеді.

Зерттеу барысында құрылыс орналасқан аумақта алты жер телімі бар екені, ал әкімдік құжаттарында олардың меншік иелері ретінде үш адамның көрсетілгені анықталды. Олардың екеуі тұрғын үй құрылысы саласындағы бір компанияның құрылтайшылары болып шықты.

Әкімдік не дейді: 6 жер телімінде қандай құрылыс жүріп жатыр?

Редакция Алматы қаласының қала құрылысын бақылау басқармасына ресми сауал жолдап, Алма-Арасан маңындағы алты жер телімінің меншік иелері, олардың нысаналы мақсаты, құрылысқа берілген құжаттар және нысандардың қазіргі жағдайы туралы ақпарат сұрады.

Басқарманың жауабынан алты жер телімінің де нысаналы мақсаты "бау-бақша шаруашылығын жүргізу" екені анықталды. Алайда алты учаске үш жеке тұлғаның арасында бөлінген.

Бірінші меншік иесіне үш жер телімі тиесілі:

  • 20-322-040-059 – 0,1950 га;
  • 20-322-040-057 – 0,1675 га;
  • 20-322-040-061 – 0,1855 га.

Екінші меншік иесінің бір ғана жер телімі бар:

  • 20-322-040-058 – 0,1625 га.

Ал үшінші меншік иесіне екі учаске тиесілі:

  • 20-322-040-060 – 0,1445 га;
  • 20-322-040-062 – 0,1450 га.
алма арасан
Фото: map.gov4c.kz

Осылайша, жалпы ауданы шамамен 1 гектар болатын алты учаскеде әртүрлі кезеңдегі құрылыс жұмыстары жүргізілген. Бірінші меншік иесінің үш үйі заңдастырылған

Әкімдік мәліметінше, бірінші меншік иесі өзіне тиесілі үш учаскеде үш бақша үйін салған. Бірақ бұл үйлердің мәртебесі кейін өзгерген.

"Бірінші жеке тұлға үш бақша үйін салған, олар кейіннен Қазақстан Республикасының "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" заңының 4-1-бабының 5-тармағына сәйкес ... 2026 жылғы 13 наурыздағы №24/3 хаттамасы негізінде заңдастырылған", – деп жауап берді әкімдік.

Яғни бұл үш нысан бастапқыда өз бетінше салынған құрылыстар ретінде қаралып, кейін арнайы заңдастыру рәсімі арқылы заңдастырылған. Екінші меншік иесіне тиесілі 0,1625 гектар жер телімі бойынша жағдай өзгеше. Әкімдік мәліметіне сәйкес, меншік иесі 2025 жылғы 17 ақпанда жобалауға арналған сәулет-жоспарлау тапсырмасын алған.

Кейін, 2025 жылғы 12 мамырда бақша үйінің нобайлық жобасы келісілген. Бірақ басқарма жауабында осы нысанға қатысты тағы бір маңызды дата бар. Объект меншік иесінің өзі тарапынан 2025 жылғы 24 қарашада пайдалануға берілген. Яғни бұл жерде құрылысқа қатысты сәулет-жоспарлау құжаты мен келісілген нобайлық жоба болғанын әкімдік растап отыр.

Үшінші жеке тұлғаға тиесілі екі жер телімінің әрқайсысының ауданы шамамен 0,15 гектар. Әкімдік мәліметіне сәйкес, меншік иесі 2026 жылғы 27 ақпанда жобалауға арналған сәулет-жоспарлау тапсырмасын алған. Ал 2026 жылғы 29 наурызда екі бақша үйінің нобайлық жобасы келісілген. Тексеру кезінде бұл екі нысанда құрылыс жұмыстары жалғасып жатқан.

"Тексеру барысында объектілердің құрылысы жертөле қабатын тұрғызу сатысында екені және монолитті жұмыстар жүргізіліп жатқаны анықталды. Құрылыс алынған сәулет-жоспарлау тапсырмасына және келісілген нобайлық жобаға сәйкес жүзеге асырылуда", – делінген әкімдік жауабында. деп жазылған.

Жер иелерінің қандай бизнес байланыстырады?

Мәліметтерге сенсек, үш жер иесінің екеуінің арасында ортақ бизнес байланысы бар болып шықты. Нартай Құрманқұлов пен Бауыржан Жазылбеков "Capital Life" ЖШС-нің құрылтайшылары. Компания 2023 жылы тіркелген. Негізгі қызмет бағыты – тұрғын үй құрылысы. Компанияның мемлекеттік қайта тіркеу туралы анықтамасына сәйкес, оның басшысы – Нартай Құрманқұлов. Құрылтайшыларының қатарында Жанат Жәлімбетов, Марат Әбіқаев және Бауыржан Жазылбеков бар.

Нартай Құрманқұлов
Фото: Нартай Құрманқұловтың жеке архивінен

Осылайша әкімдік құжаттарында Алма-Арасан маңындағы жер телімдерінің меншік иелері ретінде көрсетілген екі адамның есімі тұрғын үй құрылысы саласындағы ортақ компанияның құрылтайшылары қатарынан шығады. Бұл олардың аталған алты жер телімін бірлесіп иеленетінін білдірмейді. Бірақ олардың арасында ортақ бизнес байланысы бар екені ашық деректермен расталады.

Нартай Құрманкұловтың құрылыс бизнесіндегі тәжірибесі де аз емес. Forbes Kazakhstan оны Capital Invest Construct компаниялар тобының негізін қалаушы және Қазақстандағы ірі девелоперлердің бірі ретінде атаған. Басылым мәліметінше, оның құрған бизнес тобы жиырма жылда жер сатып алу мен жобалаудан бастап құрылыс, маркетинг, сату және дайын нысандарды басқаруға дейінгі бірнеше бағытты қамтыған.

Бауыржан Жазылбековтің де аты жылжымайтын мүлік және құрылыс саласындағы компаниялармен байланысты аталып келген. Ашық деректерде ол Miras Company LTD және BN Development компанияларының басшылығымен байланысты көрсетіледі.

Бір компаниядағы тағы бір есім – Марат Әбіқаев. Ол Қазақстанның бұрынғы ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаевтың ұлы.
Марат Әбіқаевтың аты бұған дейін бірнеше бизнес бағыттарымен байланысты аталған. Ашық ақпаратта оның өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, жылжымайтын мүлік, фитнес және көлік инфрақұрылымы салаларындағы жобаларға қатысы сөз болған. Олардың арасында Amitech Astana, "Луговской конный завод" және фитнес бизнесіндегі активтер аталады.

Ал оның әкесі Нұртай Әбіқаев Қазақстан тарихындағы жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлердің бірі болды. Ол ҰҚК төрағасы қызметін екі рет атқарды, Президент Әкімшілігін басқарды, Сенат төрағасы және Қазақстанның Ресейдегі елшісі болды.

Марат Әбіқаев пен Нұртай Әбіқаев
Фото: Марат Әбіқаев пен Нұртай Әбіқаев

1999 жылы Әбіқаев ҰҚК басшысы қызметінен кеткен. Осы кезеңде Қазақстанның МиГ-21 ұшақтарын Солтүстік Кореяға сатуы төңірегіндегі халықаралық дау туындаған. Кейін ол мемлекеттік қызметке қайта оралып, 2010 жылы ҰҚК төрағасы қызметіне екінші рет тағайындалды.

Бұдан бөлек, Марат Әбіқаевтың бұрынғы әйелі Гаухар Әбіқаева да Forbes Kazakhstan-тың 2026 жылғы Қазақстандағы ең ықпалды 25 әйел рейтингіне еніп, 24-орынға жайғасты. Ол люкс санатындағы зергерлік брендтерді дистрибуциялау және бөлшек саудамен айналысатын Sansi Group холдингінің негізін қалаушы әрі бас директоры.

Үшінші жер иесі кім?

Ал үшінші меншік иесіне қатысты да сұрақ бар. Қала құрылысын бақылау басқармасының ресми жауабында оның аты Сергей Викторович Бен деп көрсетілген. Алайда ашық қазақстандық бизнес-реестрлерден дәл осы аты-жөндегі кәсіпкер туралы ақпарат табылмады. Сонымен бірге реестрлерде Сергей Викторович Бенс деген кәсіпкер бар. Ол "Аманский щебкарьер" және Appak Construction компанияларымен байланысты.

Дегенмен Бен мен Бенстің бір адам екеніне дәлел жоқ. Аты-жөні мен әкесінің аты сәйкес келгенімен, фамилиялары әртүрлі. Сондықтан редакция оларды бір тұлға ретінде байланыстырып отырған жоқ.

Жабық аумақ Almaty Hills арқылы өтеді

Коттедждерге апаратын жолдардың бірі Almaty Hills аумағы арқылы өтеді. Ашық картадағы орналасу деректеріне қарағанда, алма бақтарының арасымен өтетін жол осы аумақтағы негізгі кіреберіске шығады. Коттедждер де осы бағытқа жақын орналасқан. Almaty Hills Алматы тұрғындарына қала сыртындағы демалыс орны ретінде белгілі. Мұнда ат клубы, мейрамхана, глэмпинг және алма бақтары бар.

Ашық бизнес-реестрлердегі мәліметтерге сәйкес, Almaty Hills атауымен екі бөлек құрылым тіркелген. Біріншісі – аралас ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалығы. Оның басшысы ретінде Габдулхаким Жашибеков көрсетілген. Екіншісі – 2016 жылы тіркелген, негізгі қызмет бағыты тұрғын үй құрылысы болып табылатын "Almaty Hills" ЖШС. Оның басшысы әрі құрылтайшысы – Инна Ахметова.

Almaty Hills
Фото: Almaty Hills

Екі есім бұған дейін Алматыдағы жер мәселесіне қатысты Антикордың талдауында да аталған.

Ведомствоның сол кездегі материалдарында Алматыдағы көлемі 294,62 гектар жер учаскесінің нысаналы мақсаты бірнеше рет өзгергені айтылған. Жер телімі бастапқыда "Компания Orient Star" ЖШС-не тиесілі болған. 2013 жылы оның нысаналы мақсаты тауарлы ауыл шаруашылығынан көпфункционалды кешен инфрақұрылымы мен бақшасын қамтамасыз етуге өзгертіліп, кадастрлық құн айырмасы ретінде 404,9 миллион теңге төленген. 2018 жылы жердің мақсаты қайтадан бау-бақша шаруашылығына өзгертілген.

Almaty Hills
Фото: Almaty Hills

Антикор мәліметінше, 2019 жылы сот 2013 жылғы нысаналы мақсатты өзгерту туралы шешімді заңсыз деп таныған. Содан кейін бюджетке 404,9 миллион теңге қайтарылған. Ал 2018 жылғы өзгеріске қатысты мәселе ведомствоның талдауында бөлек көрсетілген.

Алайда Антикор сипаттаған 294,62 гектар жердің қазіргі зерттеліп отырған алты учаскемен тікелей байланысы анықталған жоқ.

Антикордың сол талдауында жердің іс жүзінде коммерциялық мақсатта пайдаланылғаны да жазылған. Атап айтқанда, учаскеде ат клубы мен жыл бойы жұмыс істейтін отбасылық Almaty Hills мейрамханасы орналасқаны көрсетілген. Антикор жер иелері ретінде Габдулхаким Жәшібеков пен Инна Ахметованы атаған.

Жәшібеков пен Ахметованың мемлекеттік қызметтегі еңбек жолы да назар аударарлық. Жәшібеков президент әкімшілігінде мемлекеттік-құқықтық бөлімде жұмыс істеп, кейін экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары және әділет министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. Ахметова да президент әкімшілігінің құқықтық блогында жұмыс істеп, кейін мемлекеттік қызмет істері жөніндегі вице-министр болған.

Осы жерде тағы бір байланыс көзге түседі. 2002 жылдың қаңтарынан 2004 жылдың наурызына дейін президент әкімшілігін Нұртай Әбіқаев басқарған. Ал кейін оның аты Жәшібековтің мемлекеттік қызметтегі кезеңімен тағы да бір контексте қатар аталады.

2010 жылғы 12 тамызда Габдулхаким Жәшібеков "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының басшысы болып тағайындалған. Арада 11 күн өткен соң, Нұртай Әбіқаев ҰҚК төрағасы қызметіне екінші рет келді. Кейін "Қорғас" орталығында Жәшібековтің қызметіне байланысты тергеу жүріп, ол 2011 жылы қызметінен кеткен.

Деректердің ешқайсысы қазіргі коттедждердің заңдылығына қатысты тікелей қорытынды жасауға мүмкіндік бермейді. Алайда картадағы орналасу, жердің бұрынғы мәртебесі және Almaty Hills-пен байланысты тұлғалар туралы ашық деректер Алма-Арасан маңындағы жерлердің қалай пайдаланылып келгеніне қатысты қосымша сұрақтар туындатады.

Спутниктік суреттер не көрсетеді?

Редакция ашық спутниктік архивтердегі суреттерді салыстырып, аумақтың бірнеше жыл ішіндегі өзгерісін қарады.
Спутниктік суреттер құрылыс динамикасын көрсетеді

Құрылыс барысындағы өзгерістерді Google Earth платформасындағы спутниктік суреттерден де байқауға болады. Редакция салыстырған кадрларда аталған аумақтағы нысандардың бірнеше жыл ішінде біртіндеп өзгергені көрінеді. 2019 жылғы суретте көрсетілген аумақта құрылыс нысандары анық байқалмайды. Жер телімі негізінен ауыл шаруашылығы алқабы ретінде көрінеді. 2021 жылы аумақта алғашқы өзгерістер байқалады: жердің бір бөлігінде құрылысқа ұқсас нысандар мен жол ізі пайда болған. Ал 2022 жылғы кадрда бұл аумақтағы құрылыс көлемі ұлғайғаны көрінеді. Бірнеше нысанның контуры анық байқалады.

алма арасандағы коттедж
Фото: earth.google.com

2023 жылы бұрынғы нысандардың қатарына жаңа құрылыс элементтері қосылған. Спутниктік суретте ғимараттар мен оларға апаратын жол айқынырақ көрінеді. 2025 жылғы кадрда құрылыс аумағының одан әрі кеңейгені байқалады. Бірнеше нысанның көлемі үлкейіп, олардың айналасында құрылыс жұмыстарының іздері көрінеді.

Ал 2026 жылғы спутниктік суретте аталған нысандар қазіргі пішініне барынша жақындағаны байқалады. Картадан олардың алма бақтарының арасында орналасқаны және негізгі жолмен байланысы да көрінеді.

Қазіргі спутниктік суретте төрт ірі құрылыс нысаны және тағы екі құрылыс алаңы байқалады. Олардың орналасуы зерттелген аумақтағы алты жер телімімен шамалас келеді.

Stan.kz
Сәрсенбі, 09 Қыркүйек, 2026 17:37