Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тұмау өршісе, Қазақстанда жаңажылдық ертеңгіліктерге шектеу қойылуы мүмкін

Тұмау
Фото: Pexels

Қазақстанда тұмау мен ЖРВИ жұқтыру жағдайларына байланысты мектептер мен балабақшаларда жаңажылдық мерекелік шараларды өткізуге шектеу қойылуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жаңажылдық ертеңгіліктерге шектеу қою мәселесіне қатысты пікір білдірді.

Оның айтуынша, қазір елдегі эпидемиологиялық жағдай қалыпты. Оның үстіне соңғы аптада ЖРВИ жұқтыру көрсеткіші төмендеген. Сондықтан әзірге мерекелік шараларды өткізуге шектеу қоюға негіз жоқ.

“Эпидемиологиялық жағдайды күн сайын бақылап, талдап отырамыз. Егер сырқаттану көрсеткіші өсіп, жағдай нашарласа, мектептер мен балабақшаларда жаппай мерекелік шараларды өткізуге шектеу қойылуы мүмкін”, – деді еліміздің бас санитар дәрігері.

Айта кетсек, қыркүйектен бері Қазақстанда ЖРВИ жұқтырудың 1,5 миллионға жуық жағдайы тіркелген. Бұл өткен эпидемиологиялық маусымның сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28 пайызға аз. Тек соңғы аптада 133 мыңнан астам адам ауырған.

Қарлығаш Асқарова
Сәрсенбі, 25 Қараша, 2026 15:58