Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлеуметтік жәрдемақылар қысқара ма: Еңбек министрлігі қандай төлемдер отбасы жағдайына қарамастан сақталатынын айтты

жәрдемақы өседі
Фото: magnific.com

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда әлеуметтік жәрдемақылар жойылады немесе қысқарады деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ведомство интернет кеңістігінде әлеуметтік жәрдемақылардың күшін жою немесе мөлшерін қысқарту  туралы түрлі ақпараттың тарап жатқанын алға тартты. Дегенмен бәріне сенуге болмайтынын ескертті. 

“Мемлекет әлеуметтік көмекті кімге және қандай жағдайда беру керегін нақтылауды көздеп отыр. Бірақ отбасының табысына қарамастан, мүгедектігі бар адамдар мен асыраушысынан айырылған азаматтарға берілетін жәрдемақылар сақталады. Сондай-ақ жүктілік пен босануға, бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты төлемдер де толық көлемде беріледі. Оларды алу үшін отбасының материалдық жағдайы ескерілмейді”, – делінген хабарламада. 

Министрлік келесі жылдан бастап республикалық бюджеттен төленетін 36 жәрдемақының 12-сін тағайындағанда отбасының табысы ескерілетінін алға тартты. Яғни, әлеуметтік жәрдемақылар жойылмайды, тек кейбірін кімге және қандай жағдайда беру тәртібі өзгереді.

Еске сала кетейік, Қазақстанда 2027 жылдан бастап әлеуметтік көмекті тағайындау тәртібін өзгерту жоспарланып отыр. Енді жәрдемақының бір бөлігін беру кезінде отбасының табысы, баспанасы, көлігі және басқа да мүлкі ескеріледі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев отбасының әл-ауқатын бағалайтын калькулятордың таныстыруына қатысты. Ол жүйенің қалай жұмыс істейтінін өз отбасының мысалында көрсетіп, нәтижесінде калькулятор оны В санатына жатқызды. 

Гүлсезім Мұхатай
Сәрсенбі, 25 Қараша, 2026 13:21