Асыраушысынан айырылған отбасыларға мемлекеттен қандай көмек беріледі
Қазақстанда асыраушысынан айырылған азаматтардың отбасына мемлекеттен екі түрлі төлем тағайындалуы мүмкін. Оның бірі республикалық бюджеттен берілетін мемлекеттік жәрдемақы болса, екіншісі – Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлем. 2026 жылдың алғашқы он айында мұндай көмекті 69,3 мың отбасы алып, оларға жалпы 37,4 миллиард теңге төленген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Асыраушысынан айырылған отбасы қандай төлем алады?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, асыраушысынан айырылған отбасы екі түрлі қаржылай көмекке құқылы болуы мүмкін.

Біріншісі – республикалық бюджеттен төленетін мемлекеттік жәрдемақы. Ол асырауында болған еңбекке жарамсыз отбасы мүшелеріне тағайындалады. Бұл төлемді алу үшін марқұмның ресми жұмыс істегені немесе белгілі бір еңбек өтілі болуы міндетті емес.
Екіншісі – Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін әлеуметтік төлем. Ол марқұм міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып, ол үшін қорға әлеуметтік аударымдар жасалған жағдайда тағайындалады.
Бұл төлемнің мөлшері әр адамға жеке есептеледі. Оған марқұм үшін қорға аударымдар жасалған кезеңнің ұзақтығы мен оның ресми табысы әсер етеді. Яғни ресми табысы жоғары әрі әлеуметтік сақтандыру жүйесіне ұзақ уақыт қатысқан адамның отбасы көбірек төлем алуы мүмкін.
Төлемді кімдер ала алады?
Мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік төлем асырауында болған еңбекке жарамсыз отбасы мүшелеріне тағайындалады. Олардың қатарына:
-
18 жасқа толмаған балалар;
-
колледжде немесе жоғары оқу орнында күндізгі бөлімде оқитын, жасы 23-тен аспаған студенттер;
-
заңда белгіленген талаптарға сәйкес кәмелетке толмаған балаларға күтім жасайтын отбасының еңбекке жарамсыз мүшелері кіреді.
Төлемді алу құқығы мен оның мерзімі әр адамның жағдайына және заңда белгіленген талаптарға байланысты анықталады.
Жәрдемақыны қалай рәсімдеуге болады?
Министрлік мәліметінше, төлемді рәсімдеу процесі цифрландырылған. Асыраушысынан айырылу фактісі мемлекеттік ақпараттық жүйелерде тіркелгеннен кейін жүйе отбасының төлем алуға құқығын тексереді. Егер талаптарға сәйкес келсе, азаматқа көмек рәсімдеу үшін SMS-хабарлама жіберіледі. Ол арқылы қызметті онлайн алуға болады.
Сонымен қатар азаматтар төлемді eGov.kz порталы немесе Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы рәсімдей алады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың он айында асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төлемді 69,3 мың отбасы алған. Оларға бюджет пен әлеуметтік сақтандыру жүйесі арқылы жалпы 37,4 миллиард теңге бағытталған.
Айта кетейік, 2027 жылдан бастап Қазақстанда декреттік төлемді есептеуге алынатын айлық табыстың шегі де өседі. Ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін көтерілсе, есепке алынатын табыс шегі қазіргі 595 мың теңгеден 770 мың теңгеге жетеді. Соның нәтижесінде жүктілік пен босануға байланысты біржолғы төлемнің ең жоғары мөлшері де артуы мүмкін.
Еуропалық брендтердің тауарлары Қазақстанда неге қымбат