Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қосымша жұмыс істейтін аналар әлеуметтік төлемдерден айырыла ма: Еңбек министрлігі түсіндірді

Теңге
Фото: Stan.kz

Еңбек министрлігі әлеуметтік желілерде тараған Қазақстанда қосымша жұмыс істейтін аналарды әлеуметтік төлемдерден айыру жоспарланып жатқаны туралы қауесеттерге қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министрлік мәліметінше, әлеуметтік желілерде тарап жатқан Қазақстанда курьер ретінде қосымша жұмыс істейтін аналарды әлеуметтік төлемдерден айыру жоспары туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

“Жұмыс істемейтін, балаға күтімімен айналысатын ата-аналарға республикалық бюджет есебінен бала бір жарым жасқа толғанға дейін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар төленеді. Бұл жәрдемақылар шартсыз сипатқа ие және алушының ықтимал жұмысқа орналасқанына қарамастан, бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі барлық мерзім бойы толық көлемде төленеді”, – делінген хабарламада. 

Ал тұрақты жұмысы бар, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын ата-аналарға бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайында әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Бұл төлемдер мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді және бала туғанға дейінгі соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды.

“Әлеуметтік кодекстің нормаларына сәйкес, аталған төлемдерді жұмысқа шығуына байланысты тоқтату тек алушының өз еркімен тиісті өтініш беруі арқылы ғана жүзеге асырылады”, – делінген министрлік хабарламасында. 

Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желіде Алматыда сәбиін көтеріп, курьер болып жүрген қазақстандық әйелдің суреті тараған еді. Көпшіліктің жүрегін ауыртқан бұл кадрдан кейін қазақстандықтар әйелді іздеп, оған көмек қолын созуға ниет білдірді.

Журналистер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегайдан баласын көтеріп жүріп жұмыс істеуге мәжбүр болған әйелдің жағдайына қатысты пікір сұраған. Алайда ол нақты жағдай бойынша толық ақпарат жоқ екенін айтып, баға беруден бас тартқан еді.

Дана Русланқызы
Жұма, 19 Маусым, 2026 21:46