"Жағдайлары жақсы, автокөлігі бар": Министр сәбиін арқалап, курьер болып жүрген әйелге қатысты пікір білдірді

Министр сәбиін арқалап, курьер болып жүрген әйелге қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желіде қолында сәбиі бар курьер әйелдің суреті тарап, қызу талқыға түсті.
Еңбек министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, курьер келіншек жалғызбасты ана емес. Оның жолдасы бар. Екеуі Шымкенттен Алматыға көшіп барған.
"Біз ол отбасыны зерттеп шықтық. Баланың әкесінде IT мамандығы бойынша жоғары білім бар. Ал келіншегі техникалық мамандық бойынша оқыған. 19 мамырда олар Алматыға келген, сол жерде өз бетінше тырысқан. Бірақ біз осылай көшіп баратын жастарға алдымен мансап орталықтарына баруға кеңес береміз. Сол жерде жұмыс ұсынады", – деді Ертаев.
ОқыңызЖурналистер әйел сәбиді қарайтын адам болмағандықтан, жұбайы науқас болған соң жұмысқа баласымен шығуы мүмкін деген болжам айтқан. Ертаев бұл ақпаратты теріске шығарды. Оның айтуынша, отбасының автокөлігі бар, оған 2 миллион теңге көлемінде несие рәсімделген, сондай-ақ Шымкентте олардың туыстары тұрады.
"Жақын ағасы ломбард саласында жұмыс істейді, ата-анасының жағдайы жаман емес. Сондықтан олардың жағдайы жақсы", — деді Аскарбек Ертаев.
Министр “әйел жай ғана "курьер сөмкесімен серуенге шықты" дегенді білдіре ме” деген сұраққа ол “жоқ” деп жауап берді.
Министрдің айтуынша, жеткізу қызметінің өкілдері жауап дайындау үшін уақыт беруді сұраған. Министрлік бұл мәселеге келесі аптада қайта оралуды жоспарлап отыр.
"Біз азаматтарымыздың осындай платформаларда жұмыс істеуін реттейтін бірыңғай тәртіпті анықтауымыз керек: олар қандай қауіпсіздік техникасынан өтуі тиіс, қандай нұсқаулықтарды білуі қажет", — деді шенеунік.
Бұл оқиға үкіметке дейін жеткен еді. Журналистер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегайдан баласын көтеріп жүріп жұмыс істеуге мәжбүр болған әйелдің жағдайына қатысты пікір сұраған. Алайда ол нақты жағдай бойынша толық ақпарат жоқ екенін айтып, баға беруден бас тартты.
Вице-министрдің сөзінше, мұндай мәселе отбасының бюджеті мен ішкі қарым-қатынасына да байланысты болуы мүмкін. Дегенмен бұл жауап әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланды.
Қазір қазақстандықтар жас ана мен оның отбасына көмектесуге дайын екенін айтып жатыр. Алмат Несіпқалиев қоғам болып қол ұшын созғысы келетіндерге көмек тек нақты әрі тексерілген ақпарат арқылы көрсетілуі керек екенін ескертті.
“Егер біз шынымен де қоғам, халық болып қолдау көрсеткіміз келсе, бірлікке, жауапкершілікке және адамгершілікке сүйеніп, бірігіп қол ұшын созайық”, – деді ол.