"Алаяқтарға алданып, қаржысынан айырылған": Алматыда сәбиін көтеріп, курьер болып жүрген жас ана табылды

Желіде сәбиін көтеріп, арқасына үлкен сөмке асынып тапсырыс тасып жүрген жас ана Алматыдан табылды.Көпшіліктің жүрегін ауыртқан бұл кадрдан кейін қазақстандықтар әйелді іздеп, оған көмек қолын созуға ниет білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жас ананы Алматы тұрғыны Алмат Несіпқалиев тапқан. Оның айтуынша, алғашында ол курьердің қолындағысы расымен сәби екеніне сенбеген. Алайда әйелмен сөйлескеннен кейін баланың небәрі 4 айлық екенін білген.
“Кейінгі күндері әлеуметтік желілерде, ақпараттық пабликтерде және бұқаралық ақпарат құралдарында “курьер ана” атауымен таралып жатқан бейнематериалдың авторы ретінде осы жағдайға байланысты ресми мәлімдеме жасауды жөн көрдім. Аталған бейнежазба жарияланған күннен бастап қоғамда үлкен резонанс туып, көпшілікті бейжай қалдырмаған әлеуметтік мәселеге айналды”, – деп жазды Алмат Несіпқалиев.
Оның сөзінше, видео жарияланғаннан кейін көптеген адам хабарласып, көмек көрсетуге дайын екенін айтқан. Сондай-ақ телеарналар, ақпараттық ресурстар, тілшілер мен түрлі мекеме өкілдері де байланысқа шыққан. Алайда ол отбасының жеке өміріне құрметпен қарап, әйелдің рұқсатынсыз ешқандай мәлімет таратпағанын жеткізді.
ОқыңызКейін ол жас анамен тікелей байланыс орнатып, жағдайын толық білген. Көмек көрсеткісі келгенде, келіншек бастапқыда бас тартқан. Тек баласына қажетті заттарды алып беруге рұқсат беріп, жұмыстан кейін кездесуге келіскен.
Алмат Несіпқалиевтің айтуынша, жас ана 20 жаста. Оның 4 айлық қызы бар. Отбасы бір бөлмелі жер үйді жалдап тұрады. Жолдасы такси қызметінде жұмыс істейді, жалдамалы көлікпен күн көреді. Үйіне күніне 2-3 сағат қана демалуға келеді.
Отбасының ай сайынғы несиелік міндеттемелері бар. Сондай-ақ ломбардқа өткізілген заттары үшін де өсімпұл жүріп жатыр. Жас ананың курьер болып жұмыс істеуіне қаржылық қиындық себеп болған.
“Оның курьер болып шығуының басты себебі – алаяқтардың құрбаны болып, пәтерге байланысты қаржылық қиындыққа тап болуы. Сол күні дәл үй ақысын төлеу қажет болған. Мемлекет тарапынан берілетін 24 915 теңге көлеміндегі жәрдемақы күнделікті тұрмысқа жетпейтінін де ашық айтты”, – деді Алмат Несіпқалиев.
Оның сөзінше, ол әйелді жолықтырған күні күйеуінің денсаулығы күрт нашарлап, 2-3 күн төсек тартып жатқан. Ер адамға ота қажет болғанымен, қаржының жоқтығынан кейінге қалдырылған. Пәтерақыны төлеу керек болғандықтан, ол ауырсынуды басатын дәрі ішіп, жұмысқа шығуға мәжбүр болған. Ал жас ана амалсыздан баласын өзімен бірге алып, курьер болып тапсырыс тасыған.
Сол күні әйел 7 тапсырыс орындаған. Бір тапсырыстан түсетін табыс 500-600 теңге шамасында ғана болған. Алмат Несіпқалиев оны кездестірген соң, үйіне қайтуын өтінген. Кейін ерлі-зайыпты бірге үйіне оралған.
Алмат Несіпқалиев пен жұбайы жас анаға халық тарапынан көмек көрсетуге ниет бар екенін түсіндірген. Оның айтуынша, келіншек алғашында “ұят болады, қажет емес” деп қарсы болған. Алайда ешкімнен көмек сұрамағанын, қазақстандықтардың өздері шынайы ниетпен қолдау білдіріп жатқанын айтқаннан кейін ғана келісім берген.
“Қазір жағдайларының шын мәнінде қиындап кеткенін де жасырмады. Сол күні көрсетілген шағын ғана көмектің осындай ауқымды әлеуметтік мәселені көтерерін ешқашан ойламаған едім”, – деп жазды видео авторы.
Бұл оқиға Үкіметке дейін жеткен еді. Журналистер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегайдан баласын көтеріп жүріп жұмыс істеуге мәжбүр болған әйелдің жағдайына қатысты пікір сұраған. Алайда ол нақты жағдай бойынша толық ақпарат жоқ екенін айтып, баға беруден бас тартты.
Вице-министрдің сөзінше, мұндай мәселе отбасының бюджеті мен ішкі қарым-қатынасына да байланысты болуы мүмкін. Дегенмен бұл жауап әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланды.
Қазір қазақстандықтар жас ана мен оның отбасына көмектесуге дайын екенін айтып жатыр. Алмат Несіпқалиев қоғам болып қол ұшын созғысы келетіндерге көмек тек нақты әрі тексерілген ақпарат арқылы көрсетілуі керек екенін ескертті.
“Егер біз шынымен де қоғам, халық болып қолдау көрсеткіміз келсе, бірлікке, жауапкершілікке және адамгершілікке сүйеніп, бірігіп қол ұшын созайық”, – деді ол.
Қазақстандық түрмелерде енді сотталғандар отбасымен видеотаксофон арқылы сөйлесе алады