Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазатомөнеркәсіптің" топ-менеджері ұсталды: компания тағы бір басшысының өкілеттігін тоқтатты

Қуаныш Омарбеко ұсталды
Фото: "Казатомпром"

"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбеков ұсталды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, ол "Самұрық-Қазына" қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Омарбековпен бірге іс бойынша басқа да адамдар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Осы оқиғадан бір күн өткен соң "Қазатомөнеркәсіп" оның және тағы бір топ-менеджердің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғанын хабарлады.

Омарбеков қандай күдікке ілінді?

ҰҚК мәліметінше, Қуаныш Омарбеков пен басқа да күдіктілер 2026 жылғы 23 қарашада ұсталған. Алайда ведомство іс бойынша тағы кімдердің ұсталғанын және олардың нақты санын жариялаған жоқ.

"Олар "Самұрық-Қазынаның" бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінді", – деп хабарлады ҰҚК.

Бұл іс бойынша Қылмыстық кодекстің 367-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Аталған бап аса ірі мөлшерде пара беруге қатысты. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге деректері жария етілмейді.

"Қазатомөнеркәсіпте" тағы бір басшының өкілеттігі тоқтатылды

ҰҚК Омарбековтің ұсталғанын хабарлағаннан кейін, 24 қарашада "Қазатомөнеркәсіп" басқармадағы өзгерістер туралы мәлімдеді. Директорлар кеңесінің шешімімен өндіріс жөніндегі бас директор Қуаныш Омарбеков пен коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байгужиннің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған.

Компанияның хабарлауынша, екі басшының міндеттері басқарма ішінде қайта бөлінген. Ұлттық компания өндірістік және коммерциялық бөлімдердің қызметкерлері толық құрамда жұмыс істеп жатқанын, ал күнделікті қызмет әдеттегі тәртіппен жалғасып жатқанын мәлімдеді.

"Компания бұл өзгерістер өндірістік және коммерциялық қызметке әсер етпейтініне сендіреді. Өндіріс пен қаржыға қатысты болжамды көрсеткіштер, сондай-ақ клиенттер алдындағы міндеттемелер толық көлемде сақталады", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, "Қазатомөнеркәсіп" басқарма төрағасы қызметін 2023 жылдың қазанынан бері Мейіржан Юсупов атқарып келеді.

Еске салсақ, 12 қарашада ұлттық қауіпсіздік комитеті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі "Самұрық-Қазына" басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты, "Қазақстан темір жолы" басшысы Елжас Отаншиевті және басқа да тұлғаларды ұстағанын растады. ҰҚК мәліметінше, олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген. 

Тоқаев "Самұрық-Қазына" мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдіріп, жағдайды "ауқымды жемқорлықтың белгісі" деп атады. 

Президент үкімет пен бақылаушы органдарға 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алуға және оларды азайтуға бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

18 қарашада сот санкциясымен “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевты қамауға алынды. 

Гүлсезім Мұхатай
Сәрсенбі, 25 Қараша, 2026 11:51