Таразда кеңес жауынгерлеріне арналған мемориалды қиратқандар 7-сынып оқушылары болып шықты
Тараз қаласында кеңес жауынгерлеріне арналған мемориалды қиратқан күдіктілер анықталды. Олар қаладағы мектептердің бірінде оқитын жетінші сынып оқушылары болып шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жамбыл облыстық полиция департаменті 25 қарашада полицияға үш жасөспірімнің жеткізілгенін хабарлады. Олардың барлығы профилактикалық есепке алынған. Ал ата-аналары бала тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
"Сонымен қатар білім басқармасы мен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға тиісті ұсыныстар жолданды. Аталған мекемелер мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін қажетті шаралар қабылдауы тиіс", – делінген полиция хабарламасында.
Қазір тергеу жалғасып жатыр. Полиция өкілдері оқиғаның барлық мән-жайына құқықтық баға берілетінін атап өтті.

Еске салсақ, 18 қарашада Тараз қаласындағы Қарасу шағын ауданында орналасқан зиратта 72 кеңес жауынгеріне арналған мемориалдың қиратылғаны туралы жазған едік. Аталмыш дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.
Қала әкімдігінің мәліметінше, биыл мемориал Тараз қаласы әкімдігі мен Ресейдің Алматыдағы Бас консулдығының бірлескен жұмысы аясында толық абаттандырылып, қайта жаңартылған.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен жағдай ерекше бақылауға алынған. Сондай-ақ мемориалды қалпына келтіру жұмыстары да әкімдіктің бақылауында болады.
Қазақстандықтар Pinduoduo-дан дәретхана қағазына дейін алатын болған: Бұл отандық кәсіпкерлерге қалай әсер етеді