Есірткі ұрлау және сату ісі: Атырау полициясының экс-басшысына қатысты сот басталды
Атырауда тәркіленген есірткіні ұрлау және оны сату дерегіне қатысты резонансты сот процесі басталады. Айыпталушылардың қатарында қалалық полицияның бұрынғы басшысы Бақтыбек Исаев бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Іс бойынша жеті адамға айып тағылған. Олардың арасында Исаевтан бөлек, оның орынбасары, есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің қызметкері, қалалық полиция басқармасының тылдық қамтамасыз ету бөлімінің екі қызметкері және екі әйел бар.
Тергеу нұсқасы бойынша, тылдық қамтамасыз ету бөлімінің қызметкерлері заттай дәлелдемелер сақталатын қоймадан синтетикалық есірткіні ұрлап, кейін оны сатумен айналысқан. Сондай-ақ есірткіні таратты деген күдікпен екі әйел де айыпталып отыр.
25 қарашаға жоспарланған алғашқы сот отырысы кейінге қалдырылды.
Айыпталушылардың бірі С. Гилажов денсаулығының нашарлағанын айтып, алдымен тергеу изоляторынан шығудан бас тартқан. Медициналық тексеруден кейін оны сотқа жеткізген. Алайда ол сотта қаладағы танымал адвокаттардың бірі Нұрлан Жолболовтың қызметінен бас тартатынын мәлімдеді.
"Сот айыпталушының мемлекет есебінен жаңа қорғаушы тағайындау туралы өтінішін қанағаттандырды. Енді жаңа адвокат қылмыстық іс материалдарымен танысуы керек. Келесі сот отырысы 26 қараша күні сағат 10:00-ге белгіленді", – делінген ақпаратта.
Еске салсақ, 15 сәуірде Бақтыбек Исаев заңсыз әрекет жасады деген күдікпен ұсталды. Ішкі істер министрлігі қылмыстық іс қозғады. Тергеуден кейін ол қызметінен босатылып, қамауға алынды.
Бұған дейін ішкі істер министрлігі тексеріс нәтижесінде Атырау облысы полициясының төрт басшысы бірден қызметінен шеттетілгенін растады. Министрліктің ресми нұсқасына сәйкес, бұл жағдай "қызметтік-әскери тәртіптің өрескел бұзылуы, тиісті бақылаудың және жұмысты ұйымдастырудың болмауы" деп түсіндірілді.
Алайда БАҚ-та тексерудің қылмыстық істер бойынша заттай дәлелдеме ретінде тіркелген есірткі заттарына қатысты іс бойынша жүргізіліп жатқаны туралы ақпарат тарады.
Қазақстандықтар Pinduoduo-дан дәретхана қағазына дейін алатын болған: Бұл отандық кәсіпкерлерге қалай әсер етеді
