Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 900-ден астам адам әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тартқан: Бұл отбасылар туралы не белгілі

ақша санап тұрған қыз
Фото: Stan.kz

Қазақстанда әлеуметтік төлемдерден ерікті түрде бас тарту қызметін іске қосқалы бері 900-ден астам азамат төлемдерден өз еркімен бас тартқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жәрдемақы алудан бас тартқан азаматтардың отбасылық жағдайына талдау жасап, олардың арасында табысы жоғары, жеке кәсібі мен бірнеше жылжымайтын мүлкі бар отбасылар кездесетінін мәлімдеді.

Мәселен, еліміздің батыс өңірлерінің біріндегі алты адамнан тұратын отбасы әлеуметтік төлем алудан өз еркімен бас тартқан. Отбасында төрт кәмелетке толмаған бала бар. Олардың ресми ай сайынғы табысы 3,8 миллион теңгеден асады. Бұл отбасының әр мүшесіне шаққанда 636 мың теңгеден артық қаражат. Сонымен қатар отбасының бірнеше тұрғын үй нысаны, жер учаскесі және автокөліктері бар.

Министрлік тағы бір мысалды оңтүстік өңірден келтірді. Бұл отбасының мүшелері жалдамалы жұмыс істеп қана қоймай, жеке кәсіппен де айналысады. Олардың меншігінде бірнеше тұрғын үй мен жер учаскесі бар.

Одан бөлек, орталық өңірде тұратын жеті адамнан құралған ауқатты отбасы да әлеуметтік төлемдерден бас тартқан. Оның құрамында бес кәмелетке толмаған бала бар. Отбасының ресми ай сайынғы табысы 2,3 миллион теңгеден асады. Сондай-ақ олардың жеке кәсібі, элиталық тұрғын үйі, жер учаскелері, жеңіл және коммерциялық көліктері бар.

Министрлік өкілдері табысы жоғары азаматтардың мұндай шешімін әлеуметтік жауапкершіліктің көрінісі деп бағалады. Олардың айтуынша, әлеуметтік төлемдерден ерікті түрде бас тарту мемлекеттік көмекті шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттауға мүмкіндік береді.

Министрлік әлеуметтік төлемдерден бас тарту азаматты болашақта мемлекеттік қолдау алу құқығынан айырмайтынын да ескертті. Егер адамның өмірлік жағдайы өзгеріп, материалдық ахуалы төмендесе, ол кез келген уақытта жәрдемақы тағайындау үшін қайта өтініш бере алады. Ол үшін жалпыға ортақ тәртіп сақталады.

Сонымен қатар министрлік азаматтарды алаяқтардан сақ болуға шақырды. Әлеуметтік төлемдерден бас тарту қызметі тек eGov Mobile мобильді қосымшасы мен eGov.kz порталы арқылы қолжетімді.

Ведомство азаматтарға мессенджерлер немесе SMS арқылы "төлемдерден бас тарту" туралы сілтемелер жібермейтінін атап өтті. Сондықтан мұндай хабарламаларға сенбей, тек ресми электронды ресурстарды пайдалану қажет.

Еске салсақ, Қазақстанда әлеуметтік төлемнен бас тарту сервисі қосылған еді. Осыған дейін елімізде 729 адам жәрдемақыдан өз еркімен бас тартқан. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 25 Қараша, 2026 21:50