Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында әскерге кеткен сарбаз мүгедек болып оралды

Сарбаз
Фото: Stan.kz

Түркістан облысында әскерге кеткен сарбаз мүгедек болып оралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

19 жастағы жігіт Отан алдындағы борышын өтеуге өзі сұранған. Алайда арада екі ай өткенде денсаулығы сыр беріп, жүрудің өзі мұңға айналыпты. Ақсаңдап қалған жігітті жауаптылар не емдеуге жібермей, не үйге қайтармай азаптаған дейді анасы. Сөйтіп әскерге қос аяғымен кеткен Бақытжан Өмір үйіне балдаққа сүйеніп оралған.

Сарбаздың анасы Сәуле Қуандықова үш аптадан бері жанын қоярға жер таппай жүр. Ұлы Сарыағаштағы медицина колледжінде оқып жүрген жерінен былтыр қарашада әскерге аттанған. Бала туғаннан жамбасында ұршық болмаған, алайда әскери комиссариат екінші курс студентінің дені сау деген анықтама беріп, Қапшағайға жіберген екен.

“Азаптың бәрі Қапшағайдағы 58012 әскери бөліміне барғанда басталды”, – дейді сарбаз. Арада екі ай өткенде Бақытжан Өмір жүруден қалыпты. 

"Жүрсем болды, аяғым қақсайды. Аяғымды ақсаңдап басатын болдым. Оны да айттым. Сосын бір рет апарып көрсетті. Ол кезде бәрі дұрыс деді. Содан кейін шолтаңдап басып жүре бердім. Оларға қайта-қайта айтсам да, ештеңе істемеді. Ол жерде амал жоқ. Қанша айтсаң да, қолыңнан ештеңе келмейді. Қанша ауырса да, шыдап жүре бересің. Өйткені сен сарбазсың", – дейді сарбаз Бақытжан Өмір.

Шырылдаған ана баласының бойындағы бұл кінәрат туралы командирлерге әуел бастан айтқанын жеткізді. Алайда ананың сөзін ешкім елемеген.

Қапшағайда 4,5 ай әскери борышын өтеген сарбаз кейін Семейге ауыстырылыпты. Ондағы дәрігерлер бірден дабыл қағып, сарбазды Астанадағы госпитальға жатқызбақ болған. Бірақ ол жерде де ем жасалмай екі ай жатқан Түркістан облысының тумасын ақыры үйіне жіберіпті.

"Сарбазды адам орнына көрмеген бұлар. Қанша қиналды, қанша құлады. Сонда бұл адам емес пе? Әскерде ешбір бала үшін денсаулығына қатысты жауап бермейді. Сап-сау баламды әкетеді де, ақырында ауырып қалғаннан кейін "өзің барып емдел" дегендей әкеліп тастап отыр. Мен келген кезде таңғалып қалдым. Балам қазір сүйретіліп жүр. Жұмыссыздыққа тіркейін десем, денсаулығы жарамайды. Өзім төлейін десем, оған да шамам жетпейді, дәрі-дәрмегін де ала алмай отырмын", – дейді сарбаздың анасы Сәуле Қуандықова.

Анасы тік жүрген баламды ақсаңдатып әкелді деп жылап отыр. Енді оған ота жасалу керек. Бірақ баланың сақтандыруы болмағандықтан аймақтағы дәрігерлер қабылдамапты. Өзбекстанға алып барса, отаға 2 млн теңге сұраған.

Жағдайға қатысты Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады.

"Әлеуметтік желілерде таралған бұрынғы мерзімді әскери қызметші Б.Н. Амит анасының үндеуіне байланысты хабарлаймыз. 2025 жылғы қарашада мерзімді әскери қызметке шақыру барысында медициналық куәландырудан өту кезінде Амит Б.Н. денсаулығына шағым айтпаған. Жергілікті атқарушы орган (әкімдік) құрған медициналық комиссияның қорытындысымен ол әскери қызметке жарамды деп танылған", – дейді ҚР ҚМ Бас әскери-клиникалық госпиталі травматология бөлімшесінің бастығы Айдос Әлібаев.

Әскери қызмет барысында шағымдар пайда болғаннан кейін сарбаз тексеруге жіберіліп, госпитальға жатқызылған. Тексеру барысында сарбаздан буындардың туа біткен патологиясымен қатар, несеп шығару жүйесінің қосымша аурулары анықталған.

"Анықталған аурулардың жиынтығы бойынша ол әскери-дәрігерлік комиссияға ұсынылып, әскери қызметке жарамсыз деп танылды және кейіннен белгіленген тәртіппен денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметтен босатылды", – деді Айдос Әлібаев.

Көмек көрсеткісі келетіндер үшін реквизит:
4400430309017082 Сәуле К. 

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбедегі әскери бөлімде борышын өтеп жүрген сарбаз соққыға жығылғанын айтып, шағымданған еді.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 09 Қыркүйек, 2026 18:31