Алатау ма, Қонаев па: Алматыдағы ірі университеттер қай қалаға көшіріледі
Қазір жоғары оқу орындарын Қонаев немесе Алатау қаласына орналастыру мәселесі қарастырылып жатыр. Қай қаланың инфрақұрылымы бірінші дайын болса, университеттерді көшіру жұмысы сол жақта басталуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте редакция тілшісінің сұрағына жауап беріп, Алматыдағы бірнеше университетті Қонаев қаласына көшіру жоспары әлі де күшінде екенін айтты.
"Ондай жоспар бар. Бірақ біз әлі күтіп отырмыз. Қонаев қаласында қажетті инфрақұрылым толық дайын емес. Кәріз жүйелері, газ, су құбырлары, электр желілері қажет. Жаңа жылу станциясын салу керек. Ал университеттеріміз көшуге дайын. Сәтбаев университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, AlmaU және басқа да оқу орындары бірінші кезеңде көшуге әзір. Бірақ бәрі инфрақұрылымға байланысты", – деді министр.
Саясат Нұрбектің айтуынша, қазір Алатау қаласын дамыту жұмыстары да жүріп жатыр. Қала төрт ауданға бөлінеді. Соның бірі – Golden District. Бұл ауданда арнайы академиялық қалашық құрып, еліміздің ірі университеттері мен ғылыми орталықтарын орналастыру жоспарланған.

Министрлік Алматыдағы университеттерді Қонаевқа көшіру жоспарымен қатар Алатау қаласына орналастыру мүмкіндігін де қарастырып жатыр.
"Қазір екі жоспарды қатар пысықтап жатырмыз. Бірі – Қонаев, екіншісі – Алатау. Қай қаланың инфрақұрылымы тезірек дайын болса, соған қарай шешім қабылдаймыз. Инфрақұрылымсыз бірде-бір университетті көшіруге болмайды. Университеттердің өз күшімен мұндай ауқымды жұмысты атқаруға мүмкіндігі жоқ. Ал дайын инфрақұрылымға көшуді бастауға әзірміз", – деді Саясат Нұрбек.
Сонымен қатар Алатау қаласында Оңтүстік Кореяның KAIST университетінің қатысуымен жаңа зерттеу университетін ашу жоспарланған. Министрдің сөзінше, жаңа оқу орны негізінен магистранттар мен докторанттарды даярлауға және ғылыми зерттеулер жүргізуге бағытталады. Университет кореялық KAIST оқу орнының академиялық және сарапшылық қолдауымен құрылмақ.
"Бұл зерттеу бағытындағы университет болады. Негізінен магистратура мен докторантура деңгейінде мамандар даярлайды. Жоба KAIST университетінің толық қолдауымен, сараптамасымен және қатысуымен жүзеге асырылады", – деді министр.
Саясат Нұрбек сондай-ақ Алатау қаласында білім мен ғылымды дамыту үшін арнайы инвестициялық қор құрылғанын айтты. Оның мәліметінше, бұл бағытқа 100 миллион доллар қарастырылып отыр.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда студенттерге бакалавриатты төрт жыл емес, үш жылда аяқтауға мүмкіндік берілетіні хабарланған еді. Алайда бұл өзгеріс барлық мамандыққа қатысты емес. Қазір 16 мыңнан астам студент ақпараттық технологиялар, бағдарламалау, жасанды интеллект және басқа да бағыттар бойынша үш жылдық жүйемен оқып жатыр. Ал медицина, ветеринария, педагогика және сәулет мамандықтарында оқу мерзімі қысқартылмайды.