"Үйге қонбайды, хабарсыз кетеді": Жайдарманшы Мансар Орынхан әйелінің шағымынан кейін мәлімдеме жасады
“Миллион” жайдарман командасы арқылы танылған әзілкеш Мансар Орынханның жұбайы Нұрайым Халила күйеуінің алты күннен бері үйге келмегенін, өзін барлық жерден бұғаттап тастағанын мәлімдеді. Ал өнер иесі отбасын сақтап қалу үшін қолынан келгеннің бәрін жасап жүргенін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Нұрайым Халила Instagram парақшасындағы stories бөлімінде отбасындағы жағдай туралы жазды. Оның айтуынша, күйеуінің хабарсыз кетуі алғаш рет болып отырған жоқ.
“Бәлкім, қазір эмоциямен жазып отырған шығармын… Үйге қонбайды, хабарсыз кетеді, барлық жерден бұғаттайды. Алты күн өтті, Алматыда жүргенін білемін. Бірақ мен өз өмірімді сүремін. Оның жоқтығынан өмір тоқтамайды. Және бұл бірінші рет емес! Кеше тойға бардым, сол кезде ғана байланысқа шықты”, – деп жазды ол.

Сондай-ақ әзілкештің жұбайы үш баласымен баспанасыз қалғысы келмейтінін жеткізіп, тұрып жатқан үйінен кетпейтінін айтқан.
“Қазір өзіне айтарым біреу: егер таңдауың көше болса, үйді бізге қалдыр. Бізді таңдамағаның үшін үш баламен тентіретпе. Мен бұл үйден кетпеймін, қусаң да”, – деді Нұрайым Халила.
Жұбайының жазбасынан кейін Мансар Орынхан Threads парақшасында пікір білдірді. Ол ешбір шаңырақтың шайқалмауын тілеп, ең үлкен байлығы отбасы екенін жазды.
“Ешқандай отбасы ажыраспасын, балалар жетім қалмасын! Алладан тек соны тілеймін. Менің ең үлкен байлығым – менің отбасым. Оны дәлелдемесем де, бәрі белгілі. Менің отбасыма менен артық ешкімнің жаны ашымайды және жақсы көрмейді”, – деп жазды әзілкеш.
Өнер иесі кейбір адамдарды жұбайын өзіне қарсы айдап салып жүр деп айыптады.
“Әйелімді маған қарсы айдап салып жатқан кейбір адамдар, қандай жиіркенішті едіңдер! Мен отбасымды сақтап қалу үшін барлығын жасаймын. Жасап та жүрмін!” – деді Мансар Орынхан.
Сонымен қатар өнер иесі өзін ақша мен атақ өзгертті деген пікірлерге жауап берді. Оның айтуынша, күндіз-түні еңбектенуінің басты мақсаты – отбасының жағдайын жасау. Әзілкеш жұбайымен арадағы түсініспеушілік шешілгенін де жеткізді.
“Бізде барлығы дұрыс. Қазір барлығы шешілді. Әйел адам ашуланады, ренжиді. Кейбір адамдар Мансарды ақша өзгертті деп жазған. Бірақ менің күндіз-түні еңбек етуімнің себебі де – отбасым. Әзіл саласында жүрсем де, ақымақ адам емеспін. Жастар арасында барлығы болады”, – деп жазды ол.
Еске салайық, бұған дейін жайдарманшы Мансар Орынхан саясатқа бет бұрғаны хабарланған еді. Өнер иесі Түркістан облысы Арыс қалалық мәслихатының депутаттығына үміткер ретінде сайлауға түсетінін мәлімдеді. Ол мәдениет пен өнерді қолдау, спортты дамыту және жастардың әлеуетін арттыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлмек.
