Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жайдарманшы Мансар Орынхан депутаттыққа үміткер болды

Мансұр Орынхан
Фото: Instagram.com/mansar.million/

“Миллион” жайдарман командасы арқылы көпшілікке танылған әзілкеш Мансар Орынхан саясатқа бет бұрды. Өнер иесі Түркістан облысы Арыс қалалық мәслихатының депутаттығына үміткер ретінде сайлауға түсетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мансар Орынхан бұл жаңалығын Instagram парақшасында бөлісіп, келер уақытта басымдық бергісі келетін бағыттарын атады. Ол мәдениет пен өнерді қолдау, спортты дамыту және жастардың әлеуетін арттыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлетінін жеткізді.

“Мәдениетке қолдау, спортқа серпін, елге даму! Елдің ең үлкен байлығы – оның адами капиталы. Әр азаматтың қабілетін ашу, жастардың әлеуетін қолдау, ұлттық құндылықтар мен рухани мұраны дәріптеу – ел болашағының негізі”, – деп жазды ол.

Жайдарманшы қоғамның дамуы үшін мәдениет пен спортты қолдаумен қатар, азаматтардың қабілетін шыңдауға жағдай жасау маңызды деп есептейтінін жазды.

“Мәдениет пен өнерді өркендетіп, спортты дамыту арқылы ұлттың рухани және зияткерлік әлеуетін арттырып, бәсекеге қабілетті, дені сау әрі өркениетті қоғам қалыптастыру – ортақ міндетіміз. Адам капиталына инвестиция – елдің жарқын болашағына жасалған қадам”, – деп толықтырды Мансұр Орынхан.

Айта кетейік, Қазақстанда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 29 қарашаға белгіленген.

Еске салайық, бұған дейін жайдарманшы Мансар Орынханның Түркістан күрес федерациясының вице-президенті болғаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 04 Қараша, 2026 18:45