Шарын әлемдегі ең үздік 20 шатқалдың қатарына енді
Қазақстанның табиғи жауһарларының бірі – Шарын шатқалы халықаралық рейтингте жоғары бағаға ие болды. Ол әлемнің 46 елінен таңдалған 100 каньонның арасында 17-орынға жайғасып, Қазақстан атынан үздіктер қатарына енген жалғыз нысан болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2026 жылғы рейтингке 46 елден 100 каньон мен шатқал енген. Шарын ұлттық паркі олардың арасында 17-орынға тұрақтады. Ол Мексикадағы Basaseachic Canyon Falls шатқалынан кейін, Франциядағы Gorges de Daluis шатқалының алдында орналасқан.
Ал Қазақстандағы табиғи нысандар арасында Шарын шатқалы бірінші орын алды. The Worldworthy 100 рейтингі нысандарды бағалау кезінде туристердің түрлі платформалардағы пікірлері мен бағаларын, халықаралық туристік гидтер мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарды, сондай-ақ ашық және ресми деректерді ескерген.
2026 жылғы рейтингті әзірлеу кезінде жоба авторлары 34,8 миллион пікірді талдаған. Ал Шарын ұлттық паркіне қатысты баға 5 мыңнан астам туристің пікірі мен бағасына негізделген.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, нысандар рейтингке өздігінен өтінім бере алмайды және жоғары орын алу үшін ақша төлей алмайды. Рейтинг нысандардың туристер арасындағы танымалдығы мен халықаралық деңгейде мойындалуын көрсетеді. Рейтинг қорытындысы бойынша Worldworthy редакциясы Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне арнайы сертификат жолдаған.
11 қарашада Қазақстанның Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті шатқалдың әлемдік үздік 20 нысанның қатарына енгенін хабарлады.
Шарын шатқалы ерекше геологиялық құрылымдарымен, алып жартастарымен және табиғи көріністерімен танымал. Оның ең әйгілі бөліктерінің бірі – биік әрі ерекше пішінді жартастар орналасқан "Қамалдар аңғары". Бұл табиғи нысан Алматы облысындағы танымал туристік бағыттардың бірі саналады.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысының Кеген ауданындағы Шарын шатқалының Қара каньонына 1,5 миллиард теңгеге аспалы шыны көпір салынатыны хабарланған еді. Жобаны "ASK Capital" ЖШС жүзеге асырады. Құрылыс жұмыстары 2025-2026 жылдарға жоспарланған. Жоба аясында құрылыс кезінде 120 уақытша жұмыс орны ашылып, нысан пайдалануға берілген соң 58 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деген болжам бар. Көпір толық іске қосылғанда жылына 400-600 мың турист қабылдай алады.
Қазақстандықтар ВИЧ жұқтыру деректерінің көбеюіне алаңдаулы: Ресми статистика қандай
