Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үндістандық басылым Қазақстанда баруға болатын ең үздік 5 қаланың тізімін жариялады

Үлкен Алматы көлі
Фото: depositphotos.com/brokenrecords

Қазақстанның табиғаты мен мәдени мұрасы шетелдік саяхатшылардың қызығушылығын арттырып келеді. Үндістанның Esquire India басылымы 2026 жылы Қазақстанға саяхаттауды жоспарлаған туристер үшін ең тартымды бес қаланың тізімін жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Басылым ұсынған бағыттар арасында Алматы, Астана, Түркістан, Шымкент және Ақтау қалалары бар. Мақалада әр қалаға жеке сипаттама берілген. 

Алматы рейтингтің алғашқы қатарында аталған. Авторлар қаланы Тянь-Шань тауларының баурайында орналасқан табиғаты әсем мегаполис ретінде сипаттайды. Туристерге Медеу мұз айдыны, Шымбұлақ тау шаңғысы курорты, Көктөбе, Шарын шатқалы және Үлкен Алматы көліне баруға кеңес беріледі. Сондай-ақ Алматының дәмханалары, мәдени өмірі мен таулы аймақтарға жақын орналасуы қаланың басты артықшылықтарының бірі ретінде көрсетілген.

Екінші орында – Астана. Қаланың заманауи сәулетімен және ерекше архитектуралық келбетімен ерекшеленетіні айтылған. Мақала авторлары елордадағы футуристік ғимараттар, кең даңғылдар, мәдени орталықтар мен көрнекті нысандар Қазақстанның жаңа келбетін айқын көрсететінін жазады.

Түркістан Қазақстанның рухани орталығы ретінде ұсынылған. Басылым қаладағы тарихи мұралар мен көне сәулет ескерткіштері, әсіресе Қожа Ахмет Ясауи кесенесі өңірдің басты туристік нысандарының бірі екенін атап өтеді.

Тізімге енген тағы бір қала – Шымкент. Авторлардың айтуынша, қала қонақжай атмосферасымен, ұлттық тағамдарымен және Оңтүстік Қазақстанның мәдениетімен танысуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Шымкенттен өңірдегі табиғи және тарихи орындарға, әсіресе Орталық Азиядағы ең көне қорық саналатын Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығына бару қолайлы екені айтылған.

Ал Ақтау Каспий теңізінің жағалауындағы ерекше туристік бағыт ретінде бағаланған. Басылым теңіз жағалауындағы демалыс, Маңғыстаудың табиғи ландшафттары, Бозжыра мен жерасты мешіттері өңірдің өзіндік ерекшелігін айқындайтынын жазады.

Esquire India мәліметінше, Қазақстан табиғат, мәдениет және тарихты ұштастырған бағыт ретінде үндістандық саяхатшылар арасында қызығушылық тудырып келеді. Басылым елге алғаш рет келетін туристерге осы бес қаланы қамтитын маршрутты қарастыруға кеңес береді.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда шетелден келетін туристер саны азайып кеткені туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 29 Шілде, 2026 22:58