"Қазақстанға бір рет барсаңыз, ұмыта алмайсыз": Америкалық блогер туристерге ерекше ескерту жасады

Америкалық саяхат блогері Александр Лукас Қазақстанды Орталық Азиядағы ең бағаланбаған туристік бағыттардың бірі деп атады. Ол елдің табиғаты мен қонақжайлығы, ұлттық тағамдары және қолжетімді бағалары кез келген туристі тәнті ететінін айтып, Қазақстанға сапардың "жанама әсерлері" туралы әзіл-шыны аралас жазба жариялаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Stan.kz агенттігі америкалық блогердің жазбасын аударып, Қазақстанға қатысты ең қызықты пікірлері мен кеңестерін топтастырды.
"Достар, менің кеңесіме құлақ асыңыздар. Жазда Қазақстанға жай ғана барып қайтамын деп ойламаңыздар! Өйткені елге оралғаннан кейін ойыңыздан Шарын шатқалының қызыл жартастары, қарлы таулардың етегіндегі Вознесенск соборы мен Тянь-Шань мұздықтарының жанындағы 6 градустық Қайыңды көлі кетпейді. Күнделікті өмірге қайта бейімделу қиынға соғады. Қазақстанға жасаған сапардың әсері ұзақ уақытқа дейін жадыңызда сақталады!" – дейді блогер Александр Лукас.
Александр Лукастың айтуынша, Қазақстан Орталық Азиядағы ең бағаланбаған туристік бағыттардың бірі. Ол елді Азиядағы теңізге шығатын жолы жоқ ең ірі мемлекет ретінде сипаттап, мұнда АҚШ-тағы Гранд-Каньоннан кем түспейтін Шарын шатқалы, Тянь-Шань тауларының "үш інжу-маржаны" саналатын Көлсай мен Қайыңды көлдері және заманауи сәулетімен ерекшеленетін Астана қаласы бар екенін атап өткен.
Блогердің сөзінше, Қазақстанның тағы бір артықшылығы – Қытай азаматтары үшін 30 күндік визасыз режимнің болуы. Сондай-ақ елдегі бағалардың қолжетімділігіне назар аударып, шамамен 50 юаньға (3 500 теңге) тойып тамақтануға, 200 юаньға (14 100 теңге) қонақүйге орналасуға, ал такси қызметін небәрі 6 юаньнан (420 теңге) пайдалануға болатынын жазған.
Сонымен қатар автор Қазақстандағы жаз мезгілінің табиғаты ерекше әсер қалдыратынын, шілде мен тамыз айларында ауа температурасы 18-28°С аралығында болып, саяхаттауға өте қолайлы екенін айтқан. Алайда көрікті жерлердің бір-бірінен шалғай орналасатынын, кейбір аймақтарда байланыс нашар болатынын және жаяу серуендеуге жақсы физикалық дайындық қажет екенін де ескерткен.
Блогердің пікірінше, дәл осы ерекшеліктер Қазақстанға саяхатты ұмытылмас етеді. Оның сөзінше, елдің табиғаты көзді тамсандырса, ұзақ жолдар мен белсенді демалыс денені сынақтан өткізеді.
"Мұндай жерлерден кеткіңіз келмейді"
Америкалық блогер Александр Лукас Қазақстандағы ең әсерлі табиғи орындардың қатарында Шарын шатқалы мен Қайыңды көлін ерекше атаған. Оның айтуынша, бұл жерлердің көрінісі ұзақ уақыт бойы есте қалып, саяхаттың ең ұмытылмас әсеріне айналады.
"Шарын шатқалы "Гранд-Каньонның інісі" аталады. Күн сәулесіне қызыл құмтас жартастары ерекше реңкке боялады, ал Шарын өзенінің бойындағы Қамалдар аңғарымен серуендеу вестерн фильміндегі көріністі еске салады. Таңертең барған дұрыс – туристер аз, жарық суретке түсіруге өте қолайлы. Ал Қайыңды көлі – табиғаттың нағыз ғажайыбы. 1911 жылғы жер сілкінісінен кейін пайда болған көлдің мөлдір жасыл суынан шырша діңдері тік көтеріліп тұр. Су температурасы жыл бойы шамамен 6°C шамасында сақталады. Оның мөлдірлігі соншалық, мұнда түсірілген фотолар басқа ғаламшарда түсірілгендей әсер қалдырады", – деп жазады блогер.
Александр Лукастың сөзінше, Қазақстанның табиғаты ғана емес, тарихи және туристік нысандары да ерекше әсер қалдырады. Ол Көлсай көлдерін, Вознесенск соборын және Көктөбені елге келген әрбір турист міндетті түрде көруі тиіс орындардың қатарына қосқан.
"Көлсай көлдері – Тянь-Шань тауларының солтүстік беткейіндегі үш інжу-маржан. Теңіз деңгейінен 1800, 2250 және 2700 метр биіктікте орналасқан бұл көлдер қарағайлы орманмен қоршалған, ал көгілдір суы ертегі әлеміне тап болғандай әсер сыйлайды. Вознесенск соборы – әлемдегі толықтай ағаштан салынған екінші ең биік шіркеу. Панфилов саябағында орналасқан бұл ғимараттың түрлі-түсті сәулеті ертегідегі сарайды еске түсіреді. Ал Көктөбеге арқан жолмен көтерілгенде Алматы қаласы мен Тянь-Шань таулары алақандағыдай көрінеді. Әсіресе күн батар сәтте қала шамдары мен қарлы шыңдарды бір көріністе тамашалауға болады", – деп жазады Александр Лукас.
Астанаға келгенде өзімді болашақ қаласына тап болғандай сезіндім. Орталық Азиядағы ең үлкен Хазірет Сұлтан мешіті, 105 метрлік "Бәйтерек" монументі және "Хан Шатыр" ойын-сауық орталығының сәулеті ерекше әсер қалдырды. Әр ғимарат ғылыми-фантастикалық фильмнен шыққандай көрінеді.
"Міндетті түрде дәмін татып көру керек тағамдар"
Қазақстанға келген саяхатшы Александр Лукас елдің ұлттық асханасы оны ерекше таңғалдырғанын айтады. Оның сөзінше, қазақтың дәстүрлі тағамдары дәмімен ғана емес, бағасының қолжетімділігімен де ерекшеленеді.
"Қазақстанда міндетті түрде дәмін көруге кеңес беретін бірнеше ұлттық тағам бар. Маған ең қатты ұнағаны – бесбармақ. Жылқы немесе қой етінен дайындалады, еті өте жұмсақ әрі дәмді. Бір порциясы шамамен 30-50 юань (2,1-3,5 мың теңге) тұрады. Алғашында жылқы етінен сескенген едім, бірақ бір рет жегеннен кейін бұл қазақ асханасының нағыз жауһары екенін түсіндім. Сондай-ақ тандырда пісетін самсаның дәмі ерекше әсер қалдырды. Сырты қытырлақ, іші шырынды, бағасы небәрі 5-8 юань (350-560 теңге). Қазының да өзіндік ерекше дәмі бар, әр шайнаған сайын хош иісі ашыла түседі. Ал бауырсақты тұзды сүт шайымен бірге ішсеңіз, қазақтардың таңғы асының неге сонша танымал екенін бірден түсінесіз", – дейді саяхатшы.
Қалған әсерлерімен бөліскен саяхатшы Алматыдағы ең танымал орындардың бірі – Жасыл базар (Зеленый базар) мен ұлттық тағам ұсынатын мейрамханаларды да ерекше атап өтті.
"Алматыдағы Green Bazaar-ға міндетті түрде баруға кеңес беремін. Бұл жерден жаңа піскен жемістерді, жергілікті тәттілерді, ұлттық тағамдар мен кәуаптарды бір жерден табуға болады. Нағыз жергілікті атмосфераны сезінгіңіз келсе, осы базарға соғыңыз. Ал қазақтың ұлттық тағамдарын жайлы ортада татқыңыз келсе, Navat мейрамханасы тамаша таңдау. Әсіресе жылқы етінен дайындалған тағамдары өте дәмді, ал порциялары үлкен. Бұл жерде қазақтың қонақжайлығын сезінуге болады", – дейді саяхатшы Александр Лукас.
Америкалық саяхат блогерінің айтуынша, Қазақстанға жолға шықпас бұрын бірнеше маңызды жайтты ескерген жөн.
Визасыз режим: Қытай азаматтары Қазақстанға 30 күнге дейін визасыз кіре алады. Тек төлқұжатыңыздың жарамдылық мерзімі кемінде 6 ай болсын. Басқа уайым жоқ, билет алыңыз да, жолға шығыңыз.
Ұшақ: Бейжің мен Үрімжіден Алматыға тікелей рейс бар. Ұшу уақыты – шамамен 3-4 сағат. Жазда барып-қайту билеті орта есеппен 4000-6000 юань (шамамен 282-423 мың теңге) тұрады.
Қала ішінде: Yandex Go қосымшасын жүктеп алыңыз. Такси бағасы шамамен 6 юаньнан (шамамен 420 теңге) басталады, көп жағдайда 20 юаньнан (шамамен 1,4 мың теңге) аспайды. Метро жолақысы бар болғаны 120 теңге.
Қалалар арасында: Алматыдан Астанаға жоғары жылдамдықты пойызбен шамамен 4 сағатта, ал ұшақпен 1 сағат 45 минутта жетуге болады.
Тұратын жер: Алматының орталығындағы төрт жұлдызды қонақүйлер тәулігіне 400-600 юань (шамамен 28-42 мың теңге) шамасында. Ал Астанадағы "Хан Шатыр" маңынан адам басына 200-350 юаньға (шамамен 14-25 мың теңге) пәтер табуға болады.
Қай кезде барған дұрыс?
Маусымнан қыркүйекке дейінгі уақыт ең қолайлы. Мамыр мен қыркүйекте турист аз болады, ал суретке түсіруге табиғи жарық өте әдемі.
Аяқ киімге мән беріңіз: Шарын шатқалына немесе базарларды аралауға шықсаңыз, ыңғайлы аяқ киім міндетті.
Тағы бір кеңес: Кейбір жерлерде байланыс нашар ұстайды. Сондықтан офлайн картаны алдын ала жүктеп алыңыз. Қолма-қол ақша, күннен қорғайтын крем, көзілдірік пен бас киім де артық болмайды.
Блогер ұсынған 5 күндік маршрут
- 1-күн: Алматыға келу → Панфилов саябағы → Вознесенск соборы → Жасыл базар.
- 2-күн: Шарын шатқалына бір күндік саяхат → Қамалдар аңғарымен серуен.
- 3-күн: Көлсай мен Қайыңды көлдеріне бір күндік сапар.
- 4-күн: Көктөбеге көтеріліп, Алматыны тамашалау → Метромен серуен → Ұшақпен немесе пойызбен Астанаға жол жүру.
- 5-күн: Астананың көрікті жерлерін аралау – Хазірет Сұлтан мешіті, Бәйтерек, Хан Шатыр → Қайту.
Блогер әзілдеп айтқандай, Қазақстан сапарының ең ұмытылмас әсері Шарын шатқалының қызыл жартастары, 6°C-тық Қайыңды көлінен қылтиып тұрған шыршалар, шамамен 3,5 мың теңгеге тойдыратын ұлттық тағамдар және визасыз саяхаттың жайлылығы. Мұндай әсерлер ұзақ уақыт бойы ойыңыздан кетпейді. Оның сөзінше, жазда Қазақстанға бір рет барып қайтсаңыз, бірнеше ай бойы қайта баруды армандап жүресіз. Сондықтан, әзіл-шыны аралас айтқанда, Орталық Азия сізді өзіне баурап алуға дайын.
Дәрігерден медбикеге дейін ақша сұрайды: Қазақстандық келіншектер перзентханадағы былықтарды ашты