Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда шетелден келетін туристер саны азайып кеткен: Әкімдік мұны 4-5 жұлдызды қонақүйлердің аздығымен байланыстырып отыр

Алматы туристер
Фото: magnific.com

Алматы туристер үшін тым қымбаттап кетті ме? Соңғы бес жылда алғаш рет қаладағы қонақүйлердің табысы төмендеп, шетелдік қонақтар да сирей бастаған. Сарапшылар мұны қымбатшылықпен байланыстырса, Stan.kz жағдайдың нақты себебі неде екенін және туристерді қайта тарту үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанын білу үшін Алматы әкімдігіне ресми сауал жолдады.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Алматыдағы қонақүй бизнесі 2026 жылды көңіл көншітпейтін нәтижемен бастады. Қалаға келетін шетелдік туристер сиреп, қонақүйлердің табысы соңғы бес жылда алғаш рет төмендеген. Мәліметтерге сенсек, мұны қонақүй бағасының қымбаттауымен, әуе билеттерінің қымбаттауымен және Алматының туристерді ұзақ уақыт қызықтыратын жаңа бағыттарының аздығымен байланыстыруға болады.

Жылдың алғашқы үш айында Алматыдағы қонақүйлер, хостелдер, қонақүйлер, жалға берілетін пәтерлер мен туристік базалар көрсеткен қызмет көлемі 21,2 миллиарт теңгеге шамалас. Былтырғы жылмен салыстырғанда 2,1% аз. Ал инфляцияны есептегенде нақты төмендеу 12,5%-ға жеткен.

Бұған дейін Алматыдағы қонақүй нарығы бірнеше жыл қатарынан тұрақты өсім көрсетіп келген. Әсіресе 2022 және 2023 жылдары туристік ағын күрт көбейіп, қаладағы қонақүйлер толық жұмыс істеген кезеңдер болды. Алайда биыл жағдай өзгерді. Алғашқы тоқсанда орналастыру орындарын пайдаланғандар саны 472,9 мың адамға дейін азайып, бір жыл ішінде 4,8% қысқарған.

Құлдырауға ең алдымен шетелдік туристер санының азаюы әсер еткен. Бір жылда олардың саны 10,4% кеміп, шамамен 130 мың адамға шаққан. Әсіресе Үндістан, Ресей, Түркия, Сингапур және Қырғызстаннан келетін қонақтар сиреген. Қазақстандық туристер де азайғанымен, олардың төмендеу қарқыны әлдеқайда төмен болған.

Алматыға келушілер неге сиреді?

Мұндай өзгеріске қонақүй қызметтерінің қымбаттауы да ықпал еткен. Кейінгі бір жылда Алматыдағы орналастыру қызметтерінің бағасы шамамен 12% өскен. Демек, қалаға келіп бірнеше күн қону бұрынғыдан әлдеқайда қымбатқа түсіп отыр. Осы жағдай туристердің сапар бағытын өзгертуіне немесе сапардан мүлде бас тартуына әсер етуі мүмкін.

Қазақстан туристік қауымдастығының төрайымы, Қазақстан қонақүйлер мен мейрамханалар қауымдастығының президенті Рашида Шайкенованың айтуынша, мәселе тек Алматыдағы бағамен шектелмейді.

"Қазір саяхаттау бұрынғыдан әлдеқайда қымбат. Бұған Таяу Шығыстағы жағдай да әсер етті. Әуе отынының қымбаттауына байланысты әуе билеттерінің бағасы өсті. Соның салдарынан ұшу құны айтарлықтай қымбаттады. Оның үстіне Қазақстанға ұшып келудің өзі алыс әрі қымбат", – деді Қазақстан туристік қауымдастығының төрайымы, Қазақстан қонақүйлер мен мейрамханалар қауымдастығының президенті Рашида Шайкенова.
туристер
Фото: magnific.com

Ал INCIDE Travel Research компаниясының директоры Еркін Тікеновтің пікірінше, Алматы туристерді табиғатымен ғана емес, жыл бойы қызықтыратын жаңа туристік өнімдермен де тарта білуі керек.

"Алматының барлық сегіз ауданында туристерді қызықтыратын нысандар болуы керек. Бұған қоса, агломерациядағы төрт аудан мен тау кластерін де дамыту маңызды. Бұл бағыттағы шешімдер қабылданып, инвестициялық жобалар басталды. Бірақ олардың толық іске қосылуына әлі 3-5 жыл қажет. Сол уақытқа дейін туристерді тартатын балама туристік өнімдер мен бағыттарды дамыту керек", – деді INCIDE Travel Research компаниясының директоры Еркін Тікенов.

Бір қызығы, туристер азайып, табыс төмендегенімен, қонақүй нарығы кеңеюін жалғастырып жатыр. Бір жылда Алматыдағы орналастыру орындарының саны 5% өсіп, 402-ге жеткен. Туризм саласы өкілдерінің мәліметінше, биыл қалада тағы 70-ке жуық жаңа қонақүй пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Осы бәсекені күшейтіп, қызмет сапасын арттыруы мүмкін. Алайда туристер саны бұрынғы деңгейіне оралмаса, жаңа қонақүйлердің де толымды жұмыс істеуі оңай болмайды.

Айта кетейік, ресми статистикаға қонақүйлер ғана емес, хостелдер, қонақүйлер, жалға берілетін пәтерлер мен туристік базалар да енгізілген. Соған қарамастан, Алматыға келетін қонақтардың басым бөлігі әлі де қонақүйлерді таңдайды.

Еске салайық, осыған дейін редакция Алматының туризмді ілгерілетуге бөлетін қомақты бюджеті туралы зерттеу жариялаған еді. Онда 2026 жылы қала әкімдігі шетелдегі халықаралық туристік көрмелер мен "Алматының туризм күндерін" өткізуге шамамен 1 миллиард теңге жұмсамақ екені белгілі болды. Жоспарға Дубай, Токио, Гонконг, Сеул, Мумбай, Шанхай, Доха және басқа да қалалардағы халықаралық көрмелерге қатысу кірген.

Алматының шетелдік көрмелерге қатысуына бөлінетін қомақты бюджет сұрақ туғызғанымен, әкімдік шығындардың қайтарымы бар екенін алға тартады. Ресми дерекке сенсек, мұндай шаралар нақты турист әкелуге және келісімдер жасауға мүмкіндік беретін көрінеді.

"2025 жылдың қорытындысы бойынша өткізілген B2B-кездесулер нәтижесінде шамамен 180 келісім жасалып, Алматыға 160 мыңнан астам шетелдік турист тарту жоспарланған. Бұл офлайн промоцияға жұмсалатын шығындардың инвестициялық сипатқа ие екенін көрсетеді", – деп пікір білдірді туризм басқармасы.

Айта кетейік, 2025 жылы Алматы 9 халықаралық туристік көрмеге қатысып, нәтижесінде шетелдік серіктестермен 270 келісім жасалған екен. Келісімдер шамамен 224 мың шетелдік турист тартуға бағытталған.

Турист тарту үшін не істеліп жатыр?

Редакция Алматы әкімдігіне ресми сауал жолдап, шетелдік туристер ағынының азаюына қандай факторлар әсер еткенін сұрап көрді. Дегенмен Алматы әкімдігі шетелдік туристер азайды деген пікірмен келіспейді. Қала билігінің айтуынша, мәселе туристер санының кемуінде емес, олардың қайда орналасатынында болып отыр.

"Шекара қызметінің мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында Алматыға 268,9 мың шетелдік жолаушы келген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 19,7%-ға көп. Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, қонақүйлерде тоқтаған шетелдік туристер саны 129,9 мың адамды болса, жалдамалы пәтерлер мен апартаменттерді таңдағандар саны бір жылда 74,8%-ға өсіп, 138,9 мың адамға жеткен. Яғни, туристер азайған жоқ, олардың орналастыру форматы өзгеріп жатыр. Бұған қоса, уақытша орналастыру қызметтерінен түскен салық түсімдері 21%-ға артқан", – деп жауап берді әкімдік.

Әкімдік қонақүй бағасының қымбаттауы туристердің азаюына тікелей әсер етті деген пікірге қарсы шықты. Керісінше, сұраныс өсіп жатқандықтан, сапалы қонақүйлер жетіспей жатыр дейді.

"Қонақүй бағасы нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа байланысты қалыптасады. Қазір Алматыда туристер саны мен іскерлік сапарлар көбейгендіктен, әсіресе 4 және 5 жұлдызды қонақүйлер жетіспейді. Осы мәселені шешу үшін қалада жалпы инвестиция көлемі 944,7 миллиард теңге болатын 81 қонақүй жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2028 жылға дейін қонақүй нөмірлерінің санын 12 мыңнан 18 мыңға дейін көбейту жоспарланған. Marriott, Hilton Garden Inn, Radisson Blu Hotel Almaty Airport, Hyatt Meliora және басқа да халықаралық брендтердің жаңа қонақүйлері ашылады", – деп мәлімдеді әкімдік.
алматы көктөбе туристер
Фото: Stan.kz

Әкімдік биыл туризмді дамытуға бір ғана бағыт емес, бірнеше ірі жобаны қатар іске асырып жатқанын айтады. Басымдық тау туризмін дамытуға, жаңа әуе бағыттарын ашуға және Алматыны шетелде насихаттауға берілген.

"2026 жылы Үлкен Алматы көліне апаратын экосоқпақ абаттандырылып, "Жапон соқпағы" жаңғыртылып, Алма-Арасан шатқалында жаңа визит-орталық ашылады. Сонымен бірге Шымбұлақ пен Oi-Qaragai курорттарын біріктіретін тау шаңғысы кластері әзірленіп жатыр. Жыл басынан бері Алматыдан Сеул, Франкфурт, Шанхай, Варшава, Пусан, Ереван, Самарқанд және басқа да қалаларға жаңа тікелей рейстер ашылды. Жыл соңына дейін Измир мен Ханой – Алматы – Прага бағыты іске қосылады. Алматы халықаралық әуежайын жаңғырту жұмыстары да жалғасып жатыр. Сонымен қатар қала TripAdvisor, Expedia, Trip.com, Skyscanner сияқты халықаралық платформалар арқылы 17 елде, 13 тілде жарнамаланып жатыр", – деп хабарлады әкімдік.

Қала билігі жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі алдағы жылдары байқалады деп отыр. Мақсат – Алматыны Орталық Азиядағы жетекші туристік орталықтардың біріне айналдыру екен.

"Алматы халықаралық туристік көрмелерге қатысуды жалғастырып, Қытай, Үндістан, Корея және басқа да елдердің нарығына басымдық беріп отыр. 2027 жылдың соңына дейін Қытайдан келетін туристер санын 110 мың адамға жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар қалада Solana Fest, Almaty Marathon, TauFest, Cirque du Soleil гастрольдері секілді ірі халықаралық іс-шаралар өткізіледі. Биыл Алматы бірнеше халықаралық марапатқа ие болды және Bloomberg, Agoda, KAYAK, Eater сияқты халықаралық платформалар мен басылымдардың үздік туристік бағыттар тізіміне енді. Әкімдіктің болжамынша, 2026 жылдың қорытындысында Алматыға келетін шетелдік туристер саны 800 мың адамға дейін жетеді", – деп мәлімдеді ведомство.
Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 08 Шілде, 2026 09:00