2026 жылы шетелдік көрмелерге Алматы әкімдігі 1 млрд теңге жұмсайды: Делегациялар Дубай, Токио және Гонконгқа барады

Алматы әкімдігі шетелде "Алматының туризм күндерін" өткізуге және халықаралық көрмелерге қатысуға шамамен 1 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсамақ. Қомақты бюджет аясында осы шығындардың қаншалықты тиімді екені және одан нақты қандай нәтиже болжанғанын Stan.kz зерттеп көрді.
Анықталғандай, қала билігі тек бір жыл ішінде Алматы туризмін ілгерілету мақсатында әлемнің әр түкпіріндегі халықаралық көрмелерге қатысуды жоспарлаған. Атап айтқанда, OTM Mumbai (Үндістан), ATM Dubai (БАӘ), SITF Seoul, ITB China, ITE Hong Kong, MATTA Fair, Tourism Expo Japan, QTM Doha, ITB Asia және GITF Guangzhou сияқты ірі халықаралық алаңдар қамтылған.
Көрмелердің әрқайсысында "Алматы туризм күндері" атты жеке іс-шара өткізу қарастырылған. Яғни, қатысып қана қоймай, бөлек презентациялар мен іскерлік кездесулер ұйымдастыру қарастырылып отыр.
Алматы әкімдігіне қарасты Алматы қаласының туризм басқармасы 2026 жылы халықаралық туристік көрмелерге қатысу үшін ондаған миллион теңге бөлуді жоспарлаған. Мемлекеттік сатып алулар дерегіне сүйенсек, әр көрме бойынша шығын көлемі шамамен бір деңгейде болғанымен, кей бағыттар айтарлықтай қымбатқа түскен.
Атап айтқанда, барлық бағыт ішіндегі ең қымбаты ITB Asia Singapore көрмесіне 103,4 миллион теңге қарастырылған.
- Ал Tourism Expo Japan үшін – 86,4 миллион теңге;
- ITE Hong Kong көрмесіне – 82,8 миллион теңге;
- ATM Dubai – 82,6 миллион теңге;
- OTM Mumbai – 82,4 миллион теңге;
- SITF Seoul көрмесіне – 81,7 миллион теңге;
- ITB China Shanghai – 80,3 миллион теңге;
- GITF Guangzhou – 78,6 миллион теңге;
- QTM Doha – 78,1 миллион теңге бөлінген.
- Ең төмен шығын MATTA Fair Malaysia көрмесіне тиесілі – 74,2 миллион теңге.
Осылайша, әр көрмеге орта есеппен 80 миллион теңгеден қарастырылған. Ал барлық бағытты қоса есептегенде, жалпы шығын көлемі 831,1 миллион теңге (шамамен 0,83 миллиард теңге) болады. Тапсырыс беруші Алматы қаласының мемлекеттік активтер басқармасы.
Алайда мұндай ауқымды халықаралық науқанның нақты қанша қаржыға түскені және оның тиімділігі қандай болатыны ашық күйінде қалып отыр. Әр көрмеге жұмсалатын қаражат ондаған миллион теңгеден асуы мүмкін екенін ескерсек, жалпы шығын көлемі жүздеген миллион теңгеге жетуі ықтимал.
Әр туристік бағыттың құжатына сәйкес бұл жай көрме емес, толыққанды шоу ретінде ұйымдастырылмақ. Мысалы, OTM Mumbai бағытының өзінде мердігер компания жеке стенд орнатып қана қоймай, ұлттық тағамдардан дегустация өткізуге тиіс. Онда қазы, құрт, жент, кептірілген жемістер – бәрі шетелдік қонақтарға ұсынылады. Тіпті арнайы "сарқыт" пакеттерін тарату талап етілген.
Стендте жұмыс істейтіндерге дейін нақты көрсетілген. Мұндағы хостестер ұлттық киім элементтерін киіп, қонақтарға қазақы дәстүрлерді түсіндіреді. Әр 3 сағат сайын шағын іс-шаралар ұйымдастырылып, кәдесыйлар үлестіріледі.
Тағы бір қызық тұсы: әр келіссөз үстелінде міндетті түрде power bank болуға тиіс.
Техникалық талаптарға сәйкес, мердігер компанияда туризм саласындағы жобаларды халықаралық деңгейде жүзеге асыра алатын толыққанды кәсіби команда болуға тиіс. Атап айтқанда, әр көрмеде құрамында "Халықаралық аналитика" маманы, қаржы саласының және тұрақты туризм бойынша сертификатталған сарапшы, туризм саласында тәжірибесі бар маман болуы міндетті. Ағылшын тілін IELTS Academic деңгейінде меңгерген кәсіби аудармашы, WFTGA халықаралық стандарты бойынша сертификатталған гид, журналистика мамандығы бойынша білім алған PR-маман және Meta платформалары бойынша сертификаты бар цифрлық маркетолог қарастырылған.
Бұдан бөлек, жобаны үйлестіру үшін менеджмент бағытында жоғары білім алған жоба менеджері, араб тілін меңгерген аудармашы, БПЛА (дрон) операторы, шығыстану саласының маманы, дизайнер және қытай тілін HSK-6 деңгейінде меңгерген туризм маманы болуға тиіс. Іс-шараларды ұйымдастыру бөлігінде халықаралық тәжірибесі бар event-менеджер мен MICE индустриясы бойынша (UNWTO/ICCA стандарттары негізінде) маманның болуы да талап етілген. Яғни, жобаны жүзеге асыру үшін мердігерден әртүрлі бағытты қамтитын кемінде 15 маманнан тұратын кәсіби команда талап етіледі.
Шығындар қайда жұмсалады?
Жалпы алғанда, Алматыны туристік бағыт ретінде танытуға бөлінетін қаржы көлемі 1 миллиард теңгеге жуықтайды. Осыған байланысты редакция Алматы әкімдігінен бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігі мен мұндай шаралардан күтілетін нәтиже туралы ресми сауал жолдады.
Ведомствоның түсіндіруінше, мұндай көрмелер әлемдік туризм нарығының негізгі хабтарында өтеді және Азия мен Таяу Шығыс елдерінің мақсатты аудиториясына бағытталған.
Алматы әкімдігі халықаралық туристік көрмелерге жұмсалатын жүздеген миллион теңгені жай имидждік шығын емес, экономикалық инвестиция деп бағалайды.
"Алматы қаласының Туризм басқармасы халықаралық ілгерілетуді имидждік емес, ең алдымен туристік саланы және жалпы қала экономикасын дамытудың экономикалық құралы ретінде қарастырады. Осы іс-шаралар туристік ағынды арттыруға, инвестициялық тартымдылықты күшейтуге және қаланың халықаралық нарықтағы позициясын нығайтуға бағытталған", – деп жауап берді ведомство.
Алматының шетелдік көрмелерге қатысуына бөлінетін қомақты бюджет сұрақ туғызғанымен, әкімдік шығындардың қайтарымы бар екенін алға тартады. Ресми дерекке сенсек, мұндай шаралар нақты турист әкелуге және келісімдер жасауға мүмкіндік беретін көрінеді.
"2025 жылдың қорытындысы бойынша өткізілген B2B-кездесулер нәтижесінде шамамен 180 келісім жасалып, Алматыға 160 мыңнан астам шетелдік турист тарту жоспарланған. Бұл офлайн промоцияға жұмсалатын шығындардың инвестициялық сипатқа ие екенін көрсетеді", – деп пікір білдірді туризм басқармасы.
Айта кетейік, 2025 жылы Алматы 9 халықаралық туристік көрмеге қатысып, нәтижесінде шетелдік серіктестермен 270 келісім жасалған екен. Бұл келісімдер шамамен 224 мың шетелдік турист тартуға бағытталған.
Мысалы, 2025 жылы тоғыз айда Алматы қонақүйлері 1,8 миллион турист қабылдаған.
Әр көрмеден соң туризм саласындағы Ұлттық жобалар шеңберінде 2026 жылға Жеткізуші қызмет көрсету аяқталғанға дейін "Өңірлік жұмыспен қамту картасы" базасына 10 жаңа жұмыс орнын енгізуге міндетті (сайт Тапсырыс берушімен келісіледі).
"Том Хардиге ұқсаймын": Желіде жарияланған бір ғана жазба қазақстандық қарапайым сатушының өмірін қалай өзгертті