Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлдана Мырзуанның бұрынғы есту мәселесі бас жарақатын асқындырып жіберді ме? Сотта сарапшы жауап берді

сот медициналық сарапшы Евгения Мурат
Фото: Жоғарғы сот / сот медициналық сарапшы Евгения Мурат

Астанада Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сотта оның жарақат алғанға дейінгі есту қабілетіне қатысты мәселесі талқыланды. Жәбірленуші тарап сарапшыдан бас сүйек жарақаты бұрыннан болған есту мәселесін ушықтырып, жағдайын ауырлатуы мүмкін бе деп сұрады. Сарапшы мұны қазіргі құжаттармен нақты анықтау мүмкін емес екенін айтып, қосымша сараптама қажет екенін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысында сот-медициналық сарапшы Евгения Мураттан жауап алынды. Сарапшының айтуынша, Ұлдананың оң құлағындағы есту қабілетінің жоғалуы оның алған жарақаттарымен байланысты ма деген сұраққа қазіргі қолдағы медициналық құжаттар негізінде нақты жауап беру мүмкін емес.

Сотта жәбірленуші тараптың адвокаты Ұлданада оң құлағының естімейтіні анықталғанын айтып, бұл жағдайдың оқиға кезінде алған жарақаттарымен байланысты болуы мүмкін бе деп сұрады. Сарапшы Евгения Мурат оның қарауына мұндай кейінгі медициналық құжаттар ұсынылмағанын айтты.

"Сондықтан қазір нақты бір нәрсені айта алмаймын", – деді сарапшы.

Адвокат Ұлдананы кейін тексерген сурдологтың қорытындысын іс материалдарына қосуды ұсынды. Алайда сарапшы есту қабілетінің жоғалуын жарақатпен байланыстыру үшін бір ғана құжат жеткіліксіз екенін түсіндірді. Оның айтуынша, жарақаттан кейінгі медициналық бақылау динамикасын зерттеу қажет.

"Егер жарақатпен байланыстырсақ, маған тағы да құжаттар қажет. Әдетте амбулаториялық карталарды сұратамыз. Сондықтан қазір оны осы оқиғамен толық байланыстыра алмаймын", – деді ол.

Сотта Ұлдананың алған жарақтарының бірі – оң жақ самай сүйегінің сынуы және бас сүйек негізіндегі жарықтар – есту жүйкесінің зақымдануына әкелуі мүмкін бе деген сұрақ та қойылды. Сарапшы мұндай сұраққа да қазіргі сараптама шеңберінде нақты жауап бере алмайтынын айтты. Оның сөзінше, ауыр бас-ми жарақаттарының әртүрлі асқынуы болуы мүмкін, бірақ олардың нақты себеп-салдарлық байланысын анықтау үшін қосымша медициналық деректер қажет.

"Мұндай бас-ми жарақаттарынан әртүрлі асқынулар болуы мүмкін. Бірақ менің сараптамамның көлемінде оны қазір нақты растай алмаймын", – деді сарапшы.

Ол бұл мәселені анықтау үшін нейрохирург пен ЛОР дәрігерінің қорытындысы қажет екенін атап өтті.

 Қосымша сараптама тағайындалуы мүмкін

Сотта Ұлдананың есту қабілетінің жоғалуы мен алған жарақаттарының арасында себеп-салдарлық байланыс бар-жоғын анықтау үшін қосымша сараптама қажет екені айтылды. Сарапшының түсіндіруінше, ол үшін Ұлдананың жарақат алған күнінен бастап қазіргі уақытқа дейінгі барлық медициналық құжаттарын зерттеу керек.

Олардың қатарында ЛОР дәрігерінің, сурдологтың, офтальмологтың қабылдау жазбалары, талдау нәтижелері және басқа да медициналық құжаттар болуы қажет.

"Медициналық құжаттардың бәрі керек. Жарақат алған сәттен бастап қазіргі уақытқа дейінгі барлық выпискалар, ЛОР дәрігерінің, сурдологтың, офтальмологтың қорытындылары – шағымдарына қатысты барлық мәлімет қажет", – деді сарапшы.

Сотта сарапшыға ұсынылған құжаттардың көлемі де нақтыланды. Оның айтуынша, бастапқы сараптама кезінде тек стационарлық карта және алғашқы емдеу кезеңіне қатысты медициналық материалдар болған.

Сарапшы есту қабілетінің жоғалуы анықталған жағдайда денсаулыққа келтірілген зиянның ауырлық дәрежесі өзгермейтінін де түсіндірді. Қосымша сараптама бұл жағдайдың жарақатпен себеп-салдарлық байланысын анықтау үшін қажет.

"Денсаулыққа келтірілген зиянның ауырлық дәрежесі өзгермейді. Ол бәрібір жиынтық түрде есептеледі. Тек қандай да бір асқынумен күрделенуі мүмкін", – деді сарапшы.

Осылайша, сотта Ұлдананың оң құлағындағы есту қабілетінің жоғалуы оқиға кезінде алған жарақаттарының салдары болды ма деген мәселе әзірге нақты шешілген жоқ. Бұл сұраққа жауап беру үшін қосымша сараптама жүргізу қажет.

Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылындағы көпқабатты үйдің қасбеті опырылып, бес адам зардап шеккен. Сол күні жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан зардап шеккендерге көмек көрсетіп жүрген кезде құлаған кондиционер мен кірпіш қаптаманың астында қалған. Ауыр жарақат алған ол 18 қарашада ауруханада көз жұмды. Ал сол оқиғадан зардап шеккен Айнұр Нұрпейісованың оң құлағы естімей қалған. Дәрігерлер оның есту қабілетінің қайтымсыз жоғалғанын анықтаған. Енді әйел өмір бойына есту аппаратына тәуелді болып қалуы мүмкін.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 16 Қыркүйек, 2026 16:32