Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әйелімді Базарбек сияқты жұмысқа қумадым": Айдос Сарым Құрылтай депутаттарының жалақысын айтты

Депутат Айдос Сарым
Фото: Парламент

Құрылтай депутаты Айдос Сарым ай сайынғы жалақысы 1 миллион теңгеге жетпейтінін айтты. Оның сөзінше, табысы отбасына әзірге жеткілікті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутат Айдос Сарым жақында жалақысы отбасы шығынына жетпейтінін айтып, жұбайын жұмысқа шығуға шақырған Бақытжан Базарбектің сөзін әзілмен еске алды.

"Менің жалақым миллионға жетпейді, нақты есімде жоқ. Осында отырып, жұмыс істеп жүргеніме қарағанда, жететін шығар. Бақытжан сияқты әйелімді әлі жұмысқа қуған жоқпын", – деп Айдос Сарым журналистердің сұрағына жауап берді.

Депутаттың айтуынша, Құрылтай депутаттарының жалақысы еңбек өтіліне, мемлекеттік қызметтегі еңбек сіңірген жылдарына, ғылыми дәрежесі мен атақтарына байланысты әртүрлі болады. 

Оның сөзінше, депутаттардың айлығы шамамен 600 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін жетеді.

Айта кетейік, бұған дейін бұрынғы мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жалақысы 900 мың теңгеден сәл асатынын айтып, қаражат отбасы шығындарын өтеуге жеткіліксіз екенін мәлімдеген. Ол баласының балабақшасы, үйірмелері, киімі мен басқа да қажеттіліктеріне айына шамамен 300 мың теңге жұмсалатынын айтқан. Осыған байланысты депутат жұбайынан жұмысқа шығуын сұрағанын жеткізген.

Еске салайық, бұған дейін мәжіліс депутаттары азық-түлікке жұмсайтын шығыны туралы айтып, отбасылық бюджеттегі бұл баптың қомақты екенін жеткізген. Кей депутаттар аптасына 80-100 мың теңгеге дейін азық-түлікке жұмсайтынын айтса, Бақытжан Базарбек отбасымен айына 300-500 мың теңге көлемінде шығындалатынын мәлімдеген. Ал кейбір депутаттар азық-түлікке ай сайынғы табысының жартысына жуығы кететінін айтқан.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 16 Қыркүйек, 2026 14:32