Еуропада бұрын бәйгеге қатысқан жылқыларды заңсыз сатып, етке өткізген желі әшкереленді
Еуропол Ирландия, Франция, Нидерланд және Бельгияда мыңдаған бәйге жылқысын жалған құжаттар арқылы союға жіберді деген күдікке ілінген желіге қатысты операцияға қолдау көрсетті. Тергеушілердің мәліметінше, адам тұтынуына жарамсыз жылқылардың еті заңсыз азық-түлік өнімдерін өндіруге пайдаланылған болуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Dpa-international.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Еуропол төрт елде жылқыларды заңсыз сатумен айналысқан деген күдікке ілінген қылмыстық желіге қарсы рейдтерге қолдау көрсетті. Тергеушілердің мәліметінше, зейнетке шыққан мыңдаған бәйге жылқысына жалған құжат рәсімделіп, олар кейін союға сатылған. Тергеу нұсқасына сәйкес, адам тұтынуына жарамсыз жылқылар заңсыз түрде ет өнімдерін өндіруге пайдаланылған болуы мүмкін.
Операцияға Ирландия, Франция, Нидерланд және Бельгияда шамамен 200 тергеуші қатысты. Құқық қорғау органдары аталған елдерде істі тергеп жатыр.
Бельгияның Дендермонде қаласының прокуратурасы жылқы саудагерлері зейнетке шыққан бәйге жылқыларын союға жарамды деп көрсету үшін жалған құжаттар мен өзгертілген микрочиптерді пайдаланған болуы мүмкін деп күдіктенеді.
Тергеушілердің айтуынша, жылқылардың көпшілігіне дәрі-дәрмек берілген. Сондықтан оларды адам тағамына пайдалануға рұқсат етілмеген. Прокурорлардың мәліметінше, бұрын коммерциялық құны өте төмен болған жылқы осындай жолмен 1000-1500 еуроға сатылуы мүмкін.
Тінту барысында 1000-нан астам жылқы тексеріліп, олардың едәуір бөлігі тәркіленген. Құқық қорғау органдары күдікті желіге қатысы бар басқа жылқылардың тағдырын да анықтап жатыр.
Бельгияда 100 мың еуро (51,5 млн теңгеден астам) қолма-қол ақша тәркіленіп, үш күдікті қамауға алынған. Нидерландтың жануарларды қорғау ұйымы House of Animals мәліметінше, жануарлардың көбі Ұлыбритания мен Ирландиядан әкелінген бұрынғы бәйге жылқылары болған. Олар Еуропаның басқа елдеріне нашар жағдайда тасымалданып, кейін қасапханаларға жеткізілген.
Ұйымның мәлімдеуінше, Нидерландта бұл жылқылардың еті фрикаделька мен крокет секілді тағамдарға өңделіп, көтерме саудагерлер арқылы таратылған болуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Астанада заңсыз ет өнімдерін сатып келген екі кәсіпорын анықталғаны туралы жазған едік. Полиция мәліметінше, ет өңдеу жұмыстары рұқсатсыз әрі антисанитарлық жағдайда жүргізілген. Сонымен қатар 2023 жылы Ақмола облысында ер адамның иттерді аулап, кафелерге сатқан деген күдікпен ұсталғаны хабарланған. Ол кезде құқық қорғау органдары 750 келіден астам ит етін тәркілеген. Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, жануарларға қатыгездік жасау фактісі бойынша қылмыстық іс 20 ақпанда тіркелген. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Астанадағы кафелердің бірі күдіктіден 150 келіге жуық ет сатып алған. Ол үшін 100 мың теңгеден астам қаражат төленгені белгілі болды.
Полиция ер адамның бұрын ветеринария саласында жұмыс істегенін және иттерді ату тәсілдерін меңгергенін хабарлады. Тінту барысында "Аделин-супер" препараты бар 26 улы ине (дротик), 190 улы ине салынған 19 пластина, ине орнатылған шприц пен арнайы құралдар тәркіленген. Сот шешімінен кейін олардың барлығы жойылған. Сонымен қатар полиция Шортанды аудандық полиция бөлімінің тергеушісі істі қысқа мерзімде аяқтағанын атап өтті. Төрт томнан тұратын қылмыстық материал екі апта ішінде сотқа жолданған. Шортанды аудандық сотының үкімімен күдіктіге 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 690 мың теңге айыппұл салынған. Полицияның хабарлауынша, айыппұл толық төленген.
Ауылда тұратын математика мұғалімі 3 сағатта шетелдік видеоны қазақша сөйлететін қосымша жасап шықты
