Астанада шіріген етті саудаға шығармақ болған заңсыз цех әшкереленді
Астанада полицейлер жеке тұрғын үйде заңсыз жұмыс істеген ет өңдеу цехын анықтап, дүкендер мен дәмханаларға жеткізілмек болған үш тоннадан астам күмәнді еттің жолын кесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астана қаласындағы жеке үйлердің бірінде рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеген заңсыз ет өңдеу цехы анықталды.
"Өнім санитариялық талаптар өрескел бұзыла отырып өндіріліп, сақталған. Еттің бір бөлігінен өткір сасық иіс шығып, шыбын-шіркей қаптаған, бұл оның тұтынуға жарамсыз екенін көрсетеді", – деп хабарлады Астана қалалық полиция департаменті.
Полицияның мәліметінше, мұнда дайындалған өнімдер елордадағы жеке дүкендер мен дәмханаларға жеткізіліп отырған. Тексеру барысында шығу тегі мен сапасы белгісіз үш тоннадан астам ет тәркіленді.
Құқық қорғау органдары өнімнің санитарлық талаптар өрескел бұзылған жағдайда өндіріліп, сақталғанын анықтады.
Ғимаратта қажетті температуралық режим сақталмаған, ет антисанитариялық жағдайда жатқан. Өнімнің бір бөлігінен өткір сасық иіс шығып, шыбын-шіркей қаптаған, яғни тұтынуға жарамсыз екені анық байқалған.
Тексеру қорытындысы бойынша анықталған барлық ет өнімі жойылды. Полицияның хабарлауынша, дер кезінде жүргізілген шаралардың арқасында қауіпті өнімдер сауда орындарына түсіп, тұрғындардың дастарханына жетпей тоқтатылды.
Еске салайық, бұған дейін Астанада заңсыз ет өнімдерін сатып келген екі кәсіпорын анықталғаны туралы жазған едік. Полиция мәліметінше, ет өңдеу жұмыстары рұқсатсыз әрі антисанитарлық жағдайда жүргізілген. Сонымен қатар 2023 жылы Ақмола облысында ер адамның иттерді аулап, кафелерге сатқан деген күдікпен ұсталғаны хабарланған. Ол кезде құқық қорғау органдары 750 келіден астам ит етін тәркілеген. Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, жануарларға қатыгездік жасау фактісі бойынша қылмыстық іс 20 ақпанда тіркелген. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Астанадағы кафелердің бірі күдіктіден 150 келіге жуық ет сатып алған. Ол үшін 100 мың теңгеден астам қаражат төленгені белгілі болды.
Полиция ер адамның бұрын ветеринария саласында жұмыс істегенін және иттерді ату тәсілдерін меңгергенін хабарлады. Тінту барысында "Аделин-супер" препараты бар 26 улы ине (дротик), 190 улы ине салынған 19 пластина, ине орнатылған шприц пен арнайы құралдар тәркіленген. Сот шешімінен кейін олардың барлығы жойылған. Сонымен қатар полиция Шортанды аудандық полиция бөлімінің тергеушісі істі қысқа мерзімде аяқтағанын атап өтті. Төрт томнан тұратын қылмыстық материал екі апта ішінде сотқа жолданған. Шортанды аудандық сотының үкімімен күдіктіге 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 690 мың теңге айыппұл салынған. Полицияның хабарлауынша, айыппұл толық төленген.