Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қаскелеңдегі атышулы құпия ит сою орны мен ет тасымалы: Істің 1 жылдан кейін тоқтатылғаны белгілі болды

иттерді сою орны
Фото: Видео кадрларынан скрин

2021 жылы Алматы облысының Қаскелең қаласында иттерді жаппай союға арналған орын табылды деген ақпарат қоғамды дүр сілкіндірген еді. Белсенділер қора-жайдан тірі және өлі жануарларды, бөлшектенген өлекселерді, сондай-ақ союға пайдаланылған құралдарды анықтады. Алайда бес жылға жуық уақыт өтсе де, сол оқиға бойынша қозғалған істің нақты немен аяқталғаны көпшілікке беймәлім күйінде қалды. Жануарларды қорғаушылар мұндай орындардың әлі де барына күдіктенеді. Stan.kz редакциясы осы істің немен аяқталғанын, кінәлілер қалай жазаланғанын анықтап көрді.

Мүшелері басы, сирақтары мен, ішек-қарындары жан-жақта шашылып жатты”

Қарасай ауданындағы жануарларды қорғаушы белсенді Мина Исмаилованың айтуынша, сол кездегі көрініс өте қорқынышты болған.

“Оқиға қателеспесем, шамамен 2021 жылдың тамыз айында болды. Бұған дейін иттерді сою орнына апарып жүрген сияқты сезіктенетінбіз. Бірақ нақты қай жерде екенін білмедік. Кейін кездейсоқ осы маңда тұратын бір әйелден сол жер туралы естідік. Айтуынша, оның ұлы мен көршілері иттердің үнемі сол жерге тасымалданатынын көріп жүрген. Тіпті өлтіріп жатқанда дауыстарын да естіген екен.    

Бұдан соң әйелмен бірге сол орынға барған кезде шынымен сұмдық көрініске тап болдық. Қамалған иттер мен айналада көмілген өлекселер тасталған шұңқырды көрдік. Тіпті жануардың мүшелері басы, сирақтары мен, ішек-қарындары жан-жақта шашылып жатты. Ал сарай арнайы ит соятын орын ретінде жабдықталған екен. Өйткені ішінде су ағызатын арнайы жууға арналған жүйе болды. Нақты не үшін пайдаланылғанын білмеймін. Сондай-ақ өлекселерді тасуға арналған арба тұрды. Бұдан бөлек, тірі иттерді де торға қамап қойған. Ең қорқыныштысы тірі иттердің ешқайсысы дыбыс шығармаған. Олар тордың арғы жағынан иттерді қалай өлтіріп жатқанын көріп, қорқыныштан үнсіз қалған”, – деп баяндады ол. 

Белсенді сол кезде түсірілген барлық бейне-дәлелдер әлі күнге дейін телефонында сақтап жүргенін алға тартты. Бұл дәлелдер арыз жазылған кезде де құқық қорғаушыларға көрсетілген екен. Алайда соған қарамастан істе шикіліктер байқалған.

“Оқиға бойынша арыз жазылды. Кейін олар сол иттерді сойған кәріс азаматын жауапқа тартып, оны негізгі кінәлі ретінде көрсеткендей болды. Ол өз сөзінде иттерді жеке қажеті үшін сойғанын, денсаулығына, нақтырақ айтқанда өкпесіне байланысты пайдаланатынын айтқан. Бірақ ол жерден қаншама қарғыбау табылғанын елестетіп көріңізші. Өте көп қарғыбау болды.

Сонымен қатар қалалық уақытша ұстау орнындағы еріктілер бұрын қалада жүрген, кейін осы сою орнынан табылған бірнеше итті таныған. Яғни олар бұрын қаладағы панажайда болған, кейін осы жерден шыққан. Аталған факті бойынша арыз жазылғанымен, бір жылдан кейін қылмыстық іс жабылып қалды. Айтуларынша бұл істе қылмыстық құрам жоқ екен. Дегенмен қаншама дәлел тұр”, – деп қосты ол.

иттерді сою орны
Фото: Видео кадрларынан скрин

Бәлкім, кафелерге… Етін қайда өткізетінін нақты білмейміз”

Мина Исмаилова осы оқиға болған орынның қазір тынышталғанын алға тартты. Айтуынша, қазір ол жаққа иттерді апармайды. Алайда бәрібір жануарларды дәл осындай тәсілмен өлтіру әлі де жалғасып жатыр. 

“Иттерді атып тастайды немесе сол жерде көзін жояды. Жалпы, мұндай жағдайды бүкіл Алматы облысында болып жатыр. Қарасай ауданында бұған қоса сою фактілері де бар. Сою орны әлі күнге дейін жұмыстарын жалғастырып жатқанына сенімдімін. Себебі бір жарым ай бұрын біз ит аулау орнына (қаңғыбас иттерді ұстайтын орын) барған едік. Онда иттер болмады. Сосын сол маңдағы көршіден “ауланған иттерді осында қалдыра ма” деп сұрадық. Ал ол иттерді таңдап алып кететінін алға тартты. Тіпті кейбірін қалдырады екен. Міне, осының өзі көп нәрсені аңғартады. Шынын айтсам, мен ешқашан мұнда сою орны бар екеніне күмәнданған емеспін. Бірақ нақты қай иттерді және қандай мақсатпен таңдап алып кететінін біз нақты айта алмаймыз”, – деп қосты ол.

Жануарларды қорғаушы тіпті иттерді ату жұмыстары мен жасырын сою істері бір-бірімен байланысты екенінен күдіктенеді. Айтуынша мұндай кәсіппен айналысатындар ит атушылармен де серіктес болуы мүмкін. 

“Елімізде стирелдеу бағдарламасы бар. Бұл арқылы жануарларды аулап, стерилизациялап, вакцинациялап, содан кейін бұрынғы мекеніне қайтаруы керек. Алайда Алматы облысында иттерді бұрыннан бері атып өлтіреді. Оларды ешқашан жаппай стерилизациялап, кейін қайта босатқан емес. Орал қаласында, менің білуімше, иттерге қатысты тендерді ет өндірумен айналысатын бір кәсіпорын ұтып алған. Мұның ит аулау және жануарлармен жұмыс істеу қызметіне қандай қатысы бар екенін түсіну қиын. Меніңше, бұл жерде жүйелі жемқорлықтың белгілері бар.

Ал етті қайда өткізетінін өкінішке қарай, нақты білмейміз. Бәлкім, кафелерге өткізетін шығар. Өйткені, бұған дейін біз тауып алған күдікті орындағы шағын сарайдан түрлі жазбалар мен қағаздар табылды. Онда қанша еттің қай жерге жіберілетінін жазылған. Қайда қанша көлемде ет қажет болса, сонша итті сойып, етке өткізген. Бұл жерде ит етіне арналған бизнес жүріп жатыр. Бір жағынан бұл адам шошырлық нәрсе. Себебі бұл кәсіп тек ит етін тұтынғысы келетіндерге ғана емес, тұтынушыларды алдау болуы да мүмкін. Яғни адамдар дәмханаға барып сиыр етін жеп жатырмын деп ойлайды. Ал шын мәнінде ит етін жеп қоюы мүмкін”, – деп алаңдады белсенді.

Stan.kz редакциясы осы істің қалай қаралғанын, кім жазаланғанын білу үшін Алматы облыстық сотынан сұрап көрді. Дегенмен іс сотқа жетпеген болып шықты.

Кейін Алматы облысының полиция департаменті істің жабылып қалғанын растады. Айтуларынша оқиғаға байланысты істе нақты дәлелдер келтірілмегендіктен қылмыстық құрам жоқ деген негізбен іс тоқтатылған. 

Stan.kz
Сәрсенбі, 17 Маусым, 2026 15:11