ЖИ жазған мәтінді жариялаудың жаңа талабы айтылды
Қазақстанда жасанды интеллект көмегімен жасалған видео ғана емес, мәтінге де арнайы белгі қойылуға тиіс. Егер ЖИ жасаған контент таңбаланбаса, азаматтардың өтініші бойынша тексеру жүргізіледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғазиз Байтұрсыновтың айтуынша, мұндай талап адамдар жасанды интеллект жасаған контентті шынайы ақпараттан ажырата алуы үшін енгізілген.
"Қазір кез келген адам жасанды интеллектіні қолданып видео немесе мәтін шығарса да, оны таңбалауы тиіс. Яғни астында немесе видеоның өзінде бұл контенттің жасанды интеллект арқылы жасалғаны көрсетілуі керек. Егер қандай да бір контенттің таңбаланбағаны туралы өтініш түссе, тексеру жұмыстарын жүргізуге дайынбыз", – деді Ғазиз Байтұрсынов.
Ал ЖИ көмегімен жасалған контент таңбаланғанымен, оның мазмұнында қауіпті ақпарат болса, бұл мәселе Мәдениет және ақпарат министрлігінің құзыретіне жатады.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтарға активтерінің бір бөлігін өз еркімен жария ету ұсынылатыны туралы хабарлаған едік. Жеке тұлғалар мен компаниялар қолындағы криптоактивтерін лицензиясы бар қазақстандық платформаларға ерікті түрде аудара алады. Бұл кезде қаржы мониторингіне қатысты талаптар сақталады.
"Миллиондар жоғалттым": Қазақстандықтар трейдингпен айналысамын деп сан соғып қалғандарын айтты