Алматы облысындағы мектепте оқушылар бояу иісінен уланған: Ата-аналар дабыл қақты
Алматы облысында мектепте бояу иісінен 8 оқушы уланып, ауруханаға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Іргелі ауылындағы мектеп оқушылары сабақта отырған кезде, олардың жанында әрлеу жұмыстары жүргізілген. Ауада шаң мен бояудың өткір иісі болған. Соның салдарынан сегіз оқушының жағдайы нашарлап, оларға жедел жәрдем шақырылған. Көптеген оқушы жөтеліп, басы ауырып, жүрегі айнығанын айтқан.
Ата-аналар оқу кезінде жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне наразылық білдірді.
Шілде айының соңында басталған жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылына дейін аяқталмаған. Ата-аналардың айтуынша, құрылысқа қарамастан, балалар мектептің бірінші қабатында сабақ оқып жүрген. Осыған байланысты қауіпсіздік талаптарын тексеруді сұраған. Алайда, олардың сөзінше, бұған рұқсат берілмеген.
"Қызымның сынып жетекшісі хабарласып, басы ауырғанын айтып, үйіне жіберген. Мен оны қарсы алуға барсам, қатты әлсіреп тұр екен. Жолда құлап қалуы мүмкін еді. Оны қайтадан мектепке, медпунктке апардық. Қызым басы айналып, жүрегі айнып, басы ауырғанын айтты. Содан кейін жедел жәрдем шақырдық. Дәрігерлер жағдайын тіркеп, бояуға аллергиялық реакция деген диагноз қойды", – дейді ата-аналардың бірі.
Тағы бір ананың айтуынша, баласында әуелі жөтел пайда болып, артынша тұншыға бастаған.
"Бастапқыда балам жөтеліп, ауыра бастады. Суық тиген шығар деп емдедім. Кейін жөтеліне ентігу қосылып, балам тұншыға бастады. Мектепте жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын көргеннен кейін, жағдайының соған байланысты болуы мүмкін екенін түсіндім. Өйткені баламның шаңға аллергиясы бар", – дейді оқушылардың бірінің анасы Жәмила Иманбекова.
Телеарнаның мәліметінше, мектептің ескі ғимаратындағы жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған. Ата-аналардың айтуынша, соған қарамастан балалар төменгі қабатында оқытып жатыр.

Алайда мектеп директоры шағымданушылардың уәжін жоққа шығарып отыр.
"Екі корпустың қосылған жерінен біз оқшаулап, есігін жауып тастағанбыз. Олар өздерінің ремонтарымен айналысып жатыр. 11 қыркүйекте сегіз оқушының жағдайы нашарлап, жедел жәрдем шақырылды. Кеше, 14 қыркүйекте де жедел жәрдем мектепке келді. Бүгін осы балалардың жетеуі сабаққа қатысты, жағдайлары қанағаттанарлық. Ата-аналары балаларын ауруханаға жатқызудан өздері бас тартты", – деді Л.Н. Толстой атындағы мектеп директоры Гүлжахан Кенізбаева.
Мектеп директоры жөндеу жұмыстары осы айдың соңына дейін аяқталатынына сендірді. Қазан айында оқушылар әдеттегі оқу режиміне қайта орала алады.
Ал ата-аналар денсаулығына байланысты сабаққа қатыса алмай жүрген оқушылар үшін қашықтан оқу мүмкіндігін қарастыруды талап етуде.
Еске салсақ, бұған дейін алматылық мұғалім педагогтерді 1 қыркүйек алдында мектепті тазалауға мәжбүрлейтінін айтып, шағымданған еді.
Ауылда тұратын математика мұғалімі 3 сағатта шетелдік видеоны қазақша сөйлететін қосымша жасап шықты