"Тамақтың түрін көріп шошып кеттім": Қазақстандық ата-аналар мектеп берілетін тамақ сапасына шағымданды
Қазақстандық ата-аналар мектеп оқушыларына берілетін тегін тамақтың сапасына алаңдап отыр. Олар әлеуметтік желіде балаларға ұсынылатын тағамдардың сыртқы көрінісі, дәмі, температурасы мен мөлшеріне қатысты шағымдарын жазған. Кей ата-ана баласының мектептегі тегін асты жемей, өзімен бірге тамақ алып жүретінін айтса, енді бірі ақылы тамақтануға мәжбүр болғанын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ата-аналардың қандай шағымы бар?
Бұл мәселенің көтерілуіне бір ата-ананың мектептегі тамақтануға қатысты Threads-тегі жазбасы себеп болды. Оның айтуынша, баласы тегін түскі ас ішкен соң тамаққа ақша сұраған.

“Астанада Қасым Қайсенов атындағы №27 мектеп-лицейдегі тегін тамақтың сыңайы осы. Қызым тегін тамақ ішкен соң тамақтануға ақша жіберуді сұрады. Ашуланып: “Мектеп тегін тамақтандырып жатыр ғой, не берсе, соны же”, деп жауап бердім. Бірақ кейін мектепте балаларға осындай тамақ беретінін білдім. Бұл қалай болғаны? Балаларға мұндай тамақ берілсе, тегін тамақ ваучерінің қандай қажеті бар?”, – деп жазды ол.
Тағы бір ата-ана баласы дәл осы мектепте оқитынын айтты. Ол тамақ сапасын көрген соң баласы ақылы тақам ішуге көшкенін жеткізді.
“Өткен аптада балаларға осындай тамақ берілді. Балам осыдан кейін ақылы тамақ ішетін болды. Бір қызығы, тамақ жеткізуші ақылы асқа келгенде тағамды әлдеқайда жақсы дайындайды. Өткен оқу жылында тамақ дәмді болатын, балалар да тәбетпен жейтін. Біз арпа жармасы, макарон сияқты тағамдарға қарсы емеспіз. Бірақ оларды да дұрыс дайындауға болады ғой”, – деп жазды бірі.

Осыған ұқсас шағым Қарағандыдағы №104 мектеп-гимназиясына қатысты да айтылды. Ата-ананың сөзінше, балалары мектептегі тағамды жемейді.
“Балаларға кейде алма береді, бірақ оны да жумайтын сияқты. Сондықтан балаларға үйден ланч-бокс дайындап беремін. Оның үстіне, кейде салқын күйінде беріледі. Балам сыныбында жалғыз қалмасын деп, тамақты үйден дайындап беруге келістім”, – деп жазды ата-ананың бірі.
Ал Шымкенттегі “Өнер” мамандандырылған мектеп-интернатында оқыған балалардың туысы да осындай жағдай болғанын жазды. Оның айтуынша, тағам аз әрі сапасыз болғандықтан, балалар аш қалмау үшін дү кенге барып жүрген. Кейін тамақ жеткізуші компания ауысқан соң жағдай жақсарған.
“Жаңа жеткізуші жас екен. Ол асүйдегі жұмысты үнемі өзі бақылап жүрді. Содан кейін тамақ та дәмді бола бастады. Тіпті бұрын тек мерекелерде берілетін жемістерді күн сайын бере бастаған. Мемлекет әр балаға жеткілікті қаражат бөледі. Оның қаншасы баланың алдына жететіні тек қызмет көрсетушіге байланысты”, – деп жазды бірі.
Ал жауапты ведомство не дейді?
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінен мән-жайды сұрады. Комитет мектептердегі тамақтануды ұйымдастыруға мемлекеттік бақылау жүргізілетінін хабарлады.
Мектеп асханалары қалай бақыланады?
Ведомство мәліметінше, мектептердегі тамақтану мемлекеттік бақылау және қадағалау тәртібімен тексеріледі.
“Әр мектепте тамақтану сапасын бақылайтын бракераж комиссия жұмыс істейді. Оның құрамына мектеп әкімшілігі, қамқоршылық кеңес, ата-аналар комитетінің өкілдері және медицина қызметкері кіреді. Комиссия төрағасы – мектеп директоры”, – делінген комитет хабарламасында.
Комитет мәліметінше, бракераж комиссияның жұмысы білім беру саласындағы заңнамамен реттеледі.
Бұдан бөлек, білім беруді басқару органдары жанынан бракераж комиссияларының қызметін жүйелі түрде бақылап отыратын ведомствоаралық сараптамалық топтар құрылады.
Мектептегі ас мәзірі өзгерді
Мектептердегі тамақтану жүйесіне қатысты жаңа стандарт 2025 жылы 1 қыркүйектен бастап енгізілді. Ол балабақша, мектеп, колледж және сауықтыру ұйымдарындағы тамақтануды қамтиды.
Жаңа стандартты әзірлеуге Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктерінің мамандары, Қазақ тағамтану академиясы,ЮНИСЕФ пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қатысқан.
Стандартта қант пен тұз мөлшерін азайтып, көкөніс, жеміс және сүт өнімдерінің үлесін арттыру көзделген.
Атап айтқанда:
- қантты тұтыну 3,6 есеге;
- тұзды тұтыну 5 есеге азайтылды;
- көкөніс, жеміс және сүт өнімдерінің үлесі артты;
- тәтті сусындар мен шырындардың орнына су, сүт, қышқыл сүт өнімдері, жеміс шайлары және қанты аз компоттар енгізілді;
- шұжық, ысталған өнімдер, спредтер және құрамында қант пен тұзы көп өнімдер мәзірден алып тасталды.
Бала диета ұстап жүрген болса...
Комитет мәліметінше, денсаулығына байланысты ерекше диетаны қажет ететін оқушылар үшін мектепте арнайы тәртіп қарастырылған. Мектеп медбикесі диета ұстайтын оқушылардың тізімін жасап, оны тамақтануды ұйымдастыруға жауапты адамға береді. Ол балаларға арналған диеталық тамақтанудың дұрыс жүзеге асып жатқанын бақылайды.
Егер балаға денсаулығына байланысты арнайы тамақ қажет болса, ата-анасы дәрігердің анықтамасын мектепке ұсынуы керек. Сол құжат негізінде балаға жеке диета белгіленеді.
Медициналық анықтамада баланың диагнозы, ерекше диеталық қажеті, қандай өнімдер мен тағамдарға шектеу қойылатыны және оларды қандай баламамен алмастыру керегі көрсетілуі тиіс.
Аллергиясы бар балалардың тамағы қалай бақыланады?
Жаңа стандартта тағам құрамындағы аллергиялық реакция тудыруы мүмкін заттар туралы ақпарат көрсету талап етіледі. Бұл мәлімет оқушылар мен олардың ата-анасына қолжетімді болуы керек.
Сонымен қатар құрамында глютені бар өнімдердің тізімі де белгіленген. Глютенді көтере алмайтын балаларға арнайы тағам әзірленген кезде кесу құралдарын, асүй және асхана ыдыстарын бөлек пайдалану талап етіледі.
Ата-ана мектептің мәзірін көре ала ма?
Комитет мәліметінше, мектеп асханасының мәзірі ата-аналарға қолжетімді жерде және білім беру ұйымының ресми интернет-ресурсында жариялануы тиіс.
“Ата-ананың балаларының тамақтану рационымен алдын ала танысуға мүмкіндігі бар. Мәзірде тағамдардың атауы мен порция көлемі көрсетіледі. Ал тағамның құрамы мен тағамдық құндылығы тиісті құжаттар негізінде анықталады. Бұл ата-аналарға баласының мектепте нақты қандай тағам тұтынатынын алдын ала білуге мүмкіндік береді”, – делінген жауапта.
Асханада талап бұзылса, мектепке бірден айыппұл салына ма?
Комитет жауабына сәйкес, комиссия нысанды тексеруге алғаш барғанда бірден айыппұл салмайды. Оның орнына тыйым салынған өнімдерді өткізу фактісі анықталса, оларды алып қою сияқты жедел шаралар қолданылады және бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріледі.
“Егер жоспардан тыс тексеру кезінде анықталған бұзушылықтар жойылмағаны анықталса, кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Олар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462 және 425-баптары бойынша жауап береді”, – делінген комитет жауабында.
Ата-аналардың шағымы ескеріле ме?
Комитет мектептегі тамақтану сапасын бақылауда кері байланыстың да маңызды екенін айтты.
Білім беру ұйымдарында оқушылар мен олардың ата-анасының тамақтың сапасы мен оны ұйымдастыруға қатысты пікірлері мен ұсыныстары ескерілуі тиіс. Бұл ұсыныстар белгіленген тағамдық және энергетикалық талаптарды сақтай отырып, мәзірді және тамақтану жүйесін жетілдіруге пайдаланылуы мүмкін.
e-Otinish арқылы жүгінуге болады
Егер ата-ана тағам санитариялық талаптарға сай емес екенін анықтаса, e-Otinish арқылы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарына жүгіне алады. Арнайы органдар тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі мен санитариялық талаптардың сақталуына жауап береді.
Бұл ретте жай ғана “тамақ өте нашар” деп жазумен шектелмеген жөн. Мәселені нақты сипаттау маңызды.
Мысалы:
- баланың тағамды қай күні, қай мектепте алғанын көрсету;
- нақты қандай мәселе болғанын жазу – тамақтың суық болуы, жағымсыз иіс, сыртқы түрі, сапасы немесе құрамы;
- қандай тағам берілгенін көрсету;
- бар болса, фотоны тіркеу;
- мәселенің қайталанып жүрген-жүрмегенін жазу;
- ата-аналардың бұған дейін мектеп әкімшілігіне жүгінгенін және қандай жауап алғанын көрсету.
Балаға сапасыз тамақ берілсе, ата-ана не істеуі керек?
Ең қарапайым алгоритм мынадай:
1. Жағдайды тіркеңіз. Тағамды суретке түсіріп, мәзірді сақтаңыз. Күні, уақыты және жағдайды жазып алыңыз.
2. Мектепке жүгініңіз. Мектеп әкімшілігіне, ата-аналар комитетіне немесе бракераж комиссиясындағы ата-аналар өкіліне хабарласыңыз.
3. Санитариялық талаптарға қатысты мәселе болса, e-Otinish арқылы өтініш беріңіз. Өтініште мәселені барынша нақты сипаттап, дәлелдерді қоса тіркеген жөн.
4. Мәселе шешілмесе, жауапқа шағымданып, жоғары тұрған уәкілетті органға жүгініңіз. Қажет болған жағдайда тұтынушылардың құқықтарын қорғау ұйымдарынан кеңес немесе көмек алуға болады.
Ең бастысы – мәселені ата-аналар чатындағы жазбамен немесе әлеуметтік желідегі шағыммен ғана шектемеу. Жария жазба мәселенің қоғам назарын аударуына ықпал етуі мүмкін. Ал нақты фактілер көрсетілген ресми өтініш тексеру жүргізіп, мәселе бойынша нақты жауап алуға мүмкіндік береді.
"Тамақтың түрін көріп шошып кеттім": Қазақстандық ата-аналар мектеп берілетін тамақ сапасына шағымданды