Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өз жерлеуіме қатысқым келді": Әйел өзіне жаназа рәсімін ұйымдастырды

Шелви Нил күйеуімен
Фото: Family photo, WMAZ via CNN

АҚШ тұрғыны Шелви Нил 80 жасқа толған туған күнін ерекше атап өтті. Ол өзіне арнап жерлеу рәсімін ұйымдастырып, сол шараға өзі де қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

WLBT мәліметінше, Нил 2020 жылы отбасылық үйін жерлеу бюросына сатқан. Алайда келісімнің бір шарты болған: сол үйде екі еске алу рәсімі өтуі керек еді. Оның бірі өзіне, екіншісі күйеуіне арналуға тиіс болған.

Нилдің күйеуі биыл наурызда қайтыс болып, оған арналған рәсім сол жерде өтіп қойған.

Әйелдің айтуынша, осыдан кейін ол өз жерлеу рәсімін көзі тірісінде өткізгісі келетінін айтқан.

“Мен “Білесіңдер ме, өз жерлеу рәсіміме өзім де қатысқым келеді” дедім. Қызым болса “Неге болмайды?” деп жауап берді. Сөйтіп, мен де келістім”, – деді ол.

Нил рәсімнің қалай өтетінін өзі бақылағысы келгенін де жасырмады. Тіпті қонақтардың бірі өзі туралы жағымсыз нәрсе айта бастаса, микрофонды өшіріп тастай алатынын әзілмен жеткізген.

Шара жексенбі күні жергілікті уақытпен сағат 14:30-да өткен. Ол бір мезетте Нилдің 80 жылдық мерейтойы мен өзіне арналған жерлеу рәсімі ретінде ұйымдастырылған.

Қонақтарға ашық микрофон ұсынылып, олар Нил туралы естеліктерімен, жылы лебіздерімен бөлісуге мүмкіндік алған. Рәсім аяқталғаннан кейін арнайы кеш ұйымдастырылған. Алайда оның нақты қалай өткені мен қандай тосынсыйлар болғаны құпия.

Шелви Нил бұл шараның өлім туралы емес, керісінше, өзінің сенімі мен 80 жылдық өмір жолына арналғанын атап өткен. Ол осы уақытқа дейін жақсы өмір сүргенін айтып, өткен жылдарына ризашылығын білдірген.

Әйел болашақта шын мәнінде өмірден өткен кезде дәстүрлі жерлеу рәсімі қайта өткізілмейтінін де алдын ала шешіп қойған. Оның сөзінше, ондай жағдайда қабір басында тек қысқа діни еске алу қызметі ғана өтеді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 07 Қазан, 2026 17:50