Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Марқұм болған қария өзінің жерлеу рәсімінде тіріліп кетті

Жураси Роза Алвес
Фото: JamPress

Бразилияда жерлеу бюросының қызметкерлері дәрігер өлді деп таныған қарт кісінің өмірін сақтап қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Daily Mail басылымының мәліметінше, оқиға 16 мамырда Сан-Паулу штатындағы Президенти-Пруденти муниципалитетінде болған. 88 жастағы Жураси Роза Алвес ауруханаға жеткізілген. Дәрігер оның тыныс алу жеткіліксіздігінен көз жұмғанын хабарлаған. Бұл туралы туыстарына айтылып, ер адам жерлеу рәсіміне дайындау үшін бюроға жіберілген.

Алайда жерлеу бюросында Алвес есін жиып, қайтадан дем ала бастаған. Мұны байқаған қызметкерлер оған алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырған. Бразилиялық азамат шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Қазір ол әлі де дәрігерлердің бақылауында.

“Немере ағасына оны қоштасу рәсіміне дайындау үшін жерлеу бюросына алып кеткенін айтқан. Бірақ қызметкерлер оның тіршілік белгілерін байқапты: ол дем алып, қимылдай бастаған”, – деді Алвестің жақын туысы.

Ер адамның туыстары полицияға арыз түсірді. Құқық қорғау органдары дәрігерге қатысты қажет медициналық көмек көрсетпеу дерегі бойынша іс қозғады.

“Жураси қазір жатқан аурухана өкілдері оның жағдайы жасына байланысты және уақытылы медициналық көмек көрсетілмегендіктен нашарлауы мүмкін екенін хабарлаған”, – деді отбасының адвокаты.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 20 Мамыр, 2026 14:25