Алматыда күшікке қатыгездік танытқан әйел психиатриялық диспансерге жатқызылды
Алматыда күшікті ұрып-соғып, тұншықтырған әйел арнайы медициналық мекемеге ем қабылдау үшін жатқызылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бәрі неден басталды?
2 қазанда әлеуметтік желіде жануарға қатыгездік көрсетілген видео тараған еді. Кадрдан әйелдің күшікті тепкілеп, тұншықтырғанын көруге болады.
Оқиғаға куә болған бірнеше жігіт жануарды әйелден тартып алмақ болған. Сол кезде ол күшікті қолына алып, жігіттерге қарай сілтеп, ұруға әрекет жасаған.
“Бұл сұмдық қой. Қыз итті қинап жатыр. Күшіктің үсті су, лай болып жатыр. Оның қиналып тұрғаны көрініп тұр. Жануарға қалай бұлай қарауға болады”, – деп жазған куәгерлер.
Ақырында жігіттер күшікті әйелден алып, ветеринарға жеткізген. Сол күні-ақ оған жаңа иесі табылған.

Әйел арнайы мекемеге жатқызылды
Видео әлеуметтік желіде кеңінен тараған соң полиция әйелді іздестіре бастаған. Көп ұзамай оның кім екені анықталды.
Полиция мәліметінше, әйел психоневрологиялық есепте тұрған.
“Полиция қызметкерлері оның психоневрологиялық есепте тұрғанын анықтады. Қазір әйел қажет медициналық көмек көрсету үшін арнайы медициналық мекемеге жеткізілді”, – деді ведомство.
Қазір полиция оқиғаға қатысты тексеру жүргізіп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы, соның ішінде жануарға жасалған әрекеттер анықталуда.
Айта кетейік, бұған дейін Петропавлда ауладағы итті қатыгездікпен өлтірген ер адам рақымшылыққа ілініп, жазадан құтылып кеткені туралы жазған едік.
"Баламды аман қайтарыңдаршы": Ресейге жұмысқа барып, соғыс ортасынан бір-ақ шыққан қазақстандықтардың жақындары министрлікке жиналды
