Алматыда итті қарғыбаусыз серуендетуге тыйым салынды: Тағы қандай өзгерістер бар?

Алматы қаласы мәслихаты үй жануарларын асырау және серуендетудің жаңа ережелерін бекітті. Сонымен қатар 2023 жылғы үй жануарларын ұстау және серуендету қағидалары, сондай-ақ 2015 жылғы қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау туралы өзгерістердің күші жойылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жаңа ережеге сәйкес үй жануарларын қараусыз қалдыруға тыйым салынады. Егер иесі жануарға қарай алмайтын жағдайда, оны уақытша жануарлар панасына, зооқонақүйге орналастыруы немесе басқа адамға уақытша тапсыруы қажет.
Егер иесі жануарды әрі қарай асырай алмаса, оны басқа адамға беру шараларын қабылдауы тиіс. Жануарды көшеге тастап кету иесінің жауапкершілігін тоқтатпайды. Иттер өздігінен қаңғып кетпейтін және адамдар мен басқа жануарларға қауіп төндірмейтін жағдайда ұсталуы керек. Мұндай мүмкіндік болмаса, ит қоршауда немесе байлаулы болуға тиіс.
Итті қарғыбаусыз серуендетуге болмайды
Жаңа ережеде тұрғындардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылған.
Енді:
- қоғамдық орындарда иттің қарғыбауы 2 метрден аспауы тиіс;
- ерекше жауапкершілікті талап ететін иттер кез келген жерде тұмылдырықпен және ұзындығы 1,5 метрден аспайтын қарғыбаумен жүргізілуі қажет;
- мысықтар тек шлейка және қарғыбаумен серуендетіледі;
- жолдан өткенде немесе үлкен көшелердің маңында жануар 1,5 метрден аспайтын қысқа қарғыбауға алынуы керек;
- итті дүкен немесе басқа ғимараттың алдына қысқа қарғыбаумен, тұмылдырық кигізіп уақытша байлап қалдыруға рұқсат етіледі;
- ит серуендетуге тыйым салынған аумақтан тек тұмылдырықпен және қысқа қарғыбаумен өтуі тиіс;
- итті еркін жіберуге тек арнайы жабдықталған серуендету алаңдарында ғана рұқсат беріледі.
ОқыңызЕреже бұзғандарға айыппұл салынады
Жаңа талаптарға сәйкес, Алматы көшелерінде немесе тротуарда итті қарғыбаусыз серуендетуге болмайды. Талапты бұзғандарға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі бойынша жауапкершілік қарастырылған.
2026 жылы 1 АЕК – 4 325 теңге.
Айыппұл мөлшері:
- алғаш рет – 10 АЕК (43 250 теңге);
- бір жыл ішінде қайталанса – 20 АЕК (86 500 теңге);
- егер қарғыбаусыз жүрген ит бөтеннің мүлкіне зиян келтірсе немесе адамның денсаулығына жеңіл зиян тигізсе – 20 АЕК (86 500 теңге);
- мұндай жағдай қайталанса – 30 АЕК (129 750 теңге).
Сондай-ақ қала әкімдігі жануарларды серуендетуге тыйым салынған аумақтарды белгілеп, қажет болған жағдайда арнайы серуендету алаңдарын жабдықтайды.
Өзгермеген талаптар
Бұрынғыдай:
- итті өздігінен қаңғытып жіберуге болмайды;
- балалар және спорт алаңдарына, мектеп, балабақша мен аурухана аумағына жануармен кіруге тыйым салынады;
- жануарларды субұрқақтарда немесе қоғамдық су айдындарында жууға болмайды;
- алкогольдік немесе есірткілік мас күйде жануарды серуендетуге қатаң тыйым салынады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда бұралқы иттер ұсталған соң бес күннен кейін эвтаназия жасау туралы заң ұсынылғанын хабарлаған едік. Заң бойынша, жануарларды баспанада ұстау мерзімі шектеледі: бұралқы жануарлар – 5 күнге дейін, ал үй жануарлары – 60 күнге дейін. Осы уақыт ішінде иесі табылмаса, эвтаназия жасауға рұқсат берілуі керек болған. Алайда қазақстандықтар бұл заңға қарсы шықты. Ал cенат қаңғырған жануарлар туралы жаңа заңды мәжіліске қайтарды.
Қазақстандықтарды қарапайым су есептегіштерден әлдеқайда қымбат "ақылды" су есептегіштерді орнатуға міндеттеді