KMF ISKER HANYMY 2026: Шымкенттік кәсіпкер әйел 2 миллион теңге ұтып алды

Шымкенттік кәсіпкер Динара Әуезмұратова KMF ISKER HANYMY 2026 сыйлығының Гран-приін жеңіп, 2 млн теңге иеленді. Биыл бұл сыйлыққа еліміздің әр өңіріндегі KMF Банк клиенттері арасынан мыңға жуық кәсіпкер әйел өтінім беріп, оның 90-ы финалға өтті. Түрлі номинация бойынша 24 қатысушы марапатталды. Солардың арасында тәтті жүгері өсіріп, өңдеп, сататын Динара Әуезмұратованың кәсібі ерекше көзге түсті.
KMF ISKER HANYMY кәсіпкер әйелдерді қолдауға бағытталған
KMF ISKER HANYMY сыйлығы алты жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде жобаға шамамен 10 мың әйел қатысты. Биыл жүлде қоры ретінде 2 миллион теңгелік Гран-при, әрқайсы 1 миллион теңге болатын арнайы жүлделер мен қосымша номинациялар берілді. Сондай-ақ бұған дейін қатысқандардың арасынан KMF ISKER HANYMY амбассадорларын анықтап, оларды да марапаттады.

Жобада үміткерлердің кәсібі қаншалық тұрақты әрі нәтижеге жетіп отырғаны, қаншалық дамып жатқаны және кәсіпкердің өз өңіріне қосқан үлесі бағаланды.
KMF Банк Басқарма төрағасы Шалқар Жүсіповтің айтуынша, KMF ISKER HANYMY сыйлығы Банк пен Қордың маңызды жобаларының біріне айналған.
"Біз 30 жылға жуық уақыт бойы кәсіптегі әйелдерді қолдап, олардың ел экономикасындағы рөлін күшейтуге және кәсіптерін дамытуға мүмкіндік беретін жобалар мен бастамаларды іске асырып келеміз. Бүгінде клиенттеріміздің жартысынан астамы – әйелдер. Олар үшін қаржы құралдары ғана емес, білімге, жаңа мүмкіндіктерге, кәсіби қауымдастыққа ие болу және еңбегінің қоғам тарапынан мойындалуы да маңызды екенін көріп отырмыз", – деді Шалқар Жүсіпов.
Оның айтуынша, биыл байқауға түскен мыңға жуық өтінімнің әрқайсының артында өз ісін бастауға бел буып, оны күн сайын дамытып келе жатқан адамның тарихы бар.
"Шағын бизнес иелері көбіне ірі байқаулар мен сыйлықтардан тыс қалып жатады. Бизнесінің ауқымы шағын болуы мүмкін, бірақ оның отбасы, қызметкерлері мен клиенттері үшін маңызы орасан зор. Сондықтан біз кәсіпкер әйелдерге өздері туралы айтып беруге, еңбегінің мойындалып, бағаланатынын сезінуге мүмкіндік беретін сыйлық қалыптастырғымыз келді. Менің ойымша, KMF ISKER HANYMY сыйлығының басты мәні де осында", – дейді Шалқар Жүсіпов.

Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Абылқасымова кәсіпкер әйелдердің экономикаға, шағын және орта бизнесті дамытуға, өңірлерде жұмыс орындарын ашуға және жаңа тауарлар мен қызметтер қалыптастыруға елеулі үлес қосып жатқанын атап өтті.
"Бүгінде елдегі бизнестің жартысына жуығын әйелдер басқарады. Сіздер жаңа жұмыс орындарын ашып, отбасыларды қолдап, өңірлердің дамуына үлес қосып, жаңа жобаларды жүзеге асырып келесіздер. Тәжірибелеріңіз бен жетістіктеріңіз кәсіпкерлік жолын енді бастаған әйелдер үшін жақсы үлгі", – деді Мадина Абылқасымова.
30 адамды жұмыспен қамтығған Динара Әуезмұратова
42 жастағы Динара Әуезмұратова 10 жылдан бері тәтті жүгері сатады. Бұған дейін ол денсаулық сақтау саласында жұмыс істеген. Жалақысы күнкөріске жетпеген соң, қосымша табыс табу үшін жүгері қайнатып, бір-бірлеп сата бастаған.
Осы уақыт аралығында шағын кәсібі біртіндеп дамып, бүгінде ірі іске айналып үлгерген. Қазір Динара күніне екі-үш жүк көлігіне жүгері тиеп, Қазақстанның түкпір-түкпіріне жөнелтеді. Тіпті Ресейге де жібереді екен. Кәсіпкердің қол астында 30 адам еңбек етеді.

"Өзім тәтті жүгеріні жақсы көремін. Егістікте, таза ауада жұмыс істеген де ұнайды. Өз алқабымыз бар. Сол жерде жүгері өсіріп, өңдеп, сатамыз. Бірақ өзіміздің өнім тез бітіп қалады. Сондықтан Жетісай, Сарыағаш, Арыс, Түркістан, Түлкібас аудандарындағы диқаншылардан да жүгері алып, өңдеп сатамыз", – дейді кәсіпкер.
Кәсіпті кеңейтуге қаржы керек
Динараның айтуынша, кәсібін дамытуда KMF-тен алған қаржының көп көмегі тиген. Бес жыл бұрын ол KMF-тен 3 миллион теңге алып, "Барыс" базарынан ұзындығы 10-15 метр болатын тоңазытқыш камерасын сатып алған.
Енді кәсіпкер жүгеріні жыл бойы сақтап, маусымға қарамай сатқысы келеді. Сондықтан 150 миллион теңгеге екі үлкен тоңазытқыш камерасын салдырып жатыр.
"10 жыл бұрын алғаш жүгері қайнатып сатқанымда кейбіреулер: “Жұмысыңды тастап, енді жүгері сатасың ба? Ұят емес пе?” деп кекетіп сөйлеген еді. Тіпті араласпай кеткендер де болды. Бірақ бұл Қазақстанда жаңа кәсіп екенін, оны дамытуға болатынын іштей түсінетінмін. Сондықтан ешкімнің сөзіне мән бермедім. Бүгінгі жеңісімнің құпиясы да осы – мақсатыма қарай алға жылжуым және жауапкершілігім деп ойлаймын", – дейді ол.
Динараның кәсіптегі жолы байқаудың биылғы "Бизнес – өнер" тақырыбымен де үндеседі. Қосымша табыс табу үшін бір-бірлеп жүгері қайнатып сатқан әйел 10 жыл ішінде өз егістігі бар, 30 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерге айналды. Ендігі мақсаты – өнімді жыл бойы сақтап, өндіріс көлемін арттыру және Еуропаға экспорттау.
Айта кетейік, сыйлық – KMF Банк пен "KMF-Демеу" корпоративтік қорының кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жұмысының бір бөлігі. KMF Банк жеке және бизнес мақсаттарға арналған қаржы өнімдері мен қызметтерін ұсынса, "KMF-Демеу" қоры оқыту, қаржы сауаттылығын арттыру, кеңес беру және тәлімгерлік сияқты қаржылық емес қолдау бағдарламаларын іске асырады.
ҚНРДА 15.07.2026 жылы берген №1.1.719.137 лицензия
"Кішкентай қызы оянғаны үшін әйелін түнімен ұрған": Талдықорғанда ер адам 20 күнге қамалды