Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтауда ысталған балықтан уланып, екі апта жансақтау бөлімінде жатқан 9 жастағы бала көз жұмды

балық
Фото: conservasanamaria.com

Ақтауда осыдан екі апта бұрын бір отбасының 4 адамы үйде ысталған балықтан уланып ауруханаға түскен еді. Десе де дәрігерлер ауыр жағдайда түскен 9 жастағы баланың өмірін сақтап қала алмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бала үйде ысталған балық жеген соң, үш ересек адаммен бірге жансақтау бөліміне түскен.  Қыркүйек айының ортасында отбасының төрт мүшесінен ауыр ботулизм белгілері байқалған. Науқастар жасанды тыныс алу аппаратына қосылып, оларға ботулизмге қарсы сарысу енгізілген. Ол кезде баланың жағдайы ауыр болған. Оның жағдайы жақсармаған соң, туыстары елордадағы мамандардан көмек сұрап, көпшілікке үндеу жасаған.

Осыдан кейін Ақтауға реаниматолог, инфекционист және невролог жіберілген. Алайда дәрігерлер баланың өмірін сақтап қала алмады.

Баланың әкесі де уланғандардың қатарында болған. Туыстарының айтуынша, қазір оның жағдайы тұрақты. Тағы екі ересек адам ем қабылдауды жалғастырып жатыр.

Баланың өлімінің нақты себебі әзірге ресми түрде айтылған жоқ. Туыстарының сөзінше, баланың улануына үйде ысталған балықты жеуі себеп болған. 

Істің мән-жайы

Биыл 21 қыркүйек күні Маңғыстау облысында үш ересек адам мен бір бала ботулизм белгілерімен ауруханаға жеткізілген еді. Сол кезде төртеуінің де жағдайы ауыр екені, олар өкпені жасанды желдету аппаратына қосылғаны айтылған. Мамандар улануға үй жағдайында дайындалған салқын ысталған балық себеп болуы мүмкін деп болжаған. 

Мәліметке сәйкес, зардап шеккендер 17 қыркүйекте отбасылық басқосуда үй жағдайында дайындалған салқын ысталған балық жеген. Балық бұған дейін тоңазытқышта ұзақ уақыт сақталған. Отбасы мүшелері оны шамамен сағат 20:00 мен 21:00 аралығында тұтынған.

Уланудың алғашқы белгілері келесі күні, 18 қыркүйек кешке байқалған. Ал 19 қыркүйекте науқастар медициналық көмекке жүгінген.

Бастапқыда зардап шеккендердің жүрегі айнып, бірнеше рет құсқан. Ауруханаға жеткізілгеннен кейін олардың жағдайы ауыр деп бағаланған. Дәрігерлер детоксикациялық және симптоматикалық ем жүргізіп, ботулизмге қарсы арнайы сарысу енгізген.

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 07 Қазан, 2026 16:29